«Егер менің жүрегімді ашып көрсеңіздер, музыканы көрер едіңіздер. Миымды ашсаңыздар да, музыканы көресіздер. Мен музыкадан жаралғанмын. Мен жай ғана еңбекқор адаммын» деген еді Димаш бір сұхбатында.
Түріктің BAYAN YANI журналы Димаш жайлы мақала жариялады, – деп хабарлайды stan.kz.
«Адам мүмкіндігінен тыс техниканы игерген бір-ақ адам бар, ол – Димаш. Поп-музыкада да, өзге жанрда да өзін мойындатқан әншілер жетерлік. Не дегенмен қазіргі әншілігінен өтірікшілігі басым, фонограммамен ұялмай ән айтып тұрмын деп ойлайтындардың, аспапты ұстап алып дұрыс нотаға түсе алмай тұратын жалған аспапшылардың, бет-аузын жыбырлатып қана ән айтатындардың заманында Димаш ән әлеміне ерекше құбылыс болып келді. Ол әншіліктің қандай болатынын көрсетті.
Димаштың дауыс диапазоны 6 октованы ұстай алады. Төмен нотадан жоғарыға бірден секіре алады. Бір уақытта екі адамның даусын сала алады. Оны көрмей тыңдаған адам екі адам ән салып тұрғанына кәміл сенер еді.
Оның дарынынан бөлек, қажымас еңбекқорлығы да бар. 7 аспапта ойнап үйреніп, жан тәнімен музыканы бойына сіңіріп өскен.
Бір жобада бақталасы оның суына ұйықтататын дәрі де салып жіберіпті (Белоруссиядағы «Славян базары» халықаралық бәйгесінде – авт). Бұл туралы Димаштың өзі айтады. «Микрофонды қатты қысып алдым. Бүкіл күшімді осылай жинап, әнді соңына әрең жеткіздім» – дейді ол.
Димаштың ән әлеміне келуі құр шыңғыру мен нағыз дауыстың ара-жігін ажыратып берді. Микрофонды ұстап босқа шыңғыратындар үшін сабақ болды. Сондықтан ғажайып дауыс иесі Димашты қазіргі заманның феномені деуге болады», – деп жазады түрік журналы.