Қазақстан мен Түркия «Қазақфильм» киностудиясы Sataifilm компаниясымен бірлесіп түсірген, режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінің негізінде бірлескен тарихи сериал түсірмекші. Жобаны Түркияның жетекші телеарнасы TRT телерадиокорпорациясы жүзеге асырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жақында Ыстанбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival түрік арнасының өкілдерімен кездесуінен кейін белгілі болды.
Аталған басқосуға «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы – президенті Ақан Сатаев пен вице-президент Айдар Баталов та қатысты.
Айта кетейік, «Қорқыт ата» фестивалінің шымылдығын ашқан «Томирис» фильмі түрік жұртшылығына жақсы таныс.
Қыркүйек айында массагеттер ханшайымы туралы кинотуынды Түркияда 200-ден астам кинотеатрында көрсетіліп, көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, фестиваль барысында түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын дамытуға тың серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды.
Келісімге ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Анар Керимов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов және Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой қол қойды.
Құжат аясында тараптар түркі әлемінің киноиндустриясын қолдауға бағытталған бірлескен қор құруға келісті.
Сондай-ақ, фестиваль аясында Ақтоты Райымқұлова «Қазақфильм» киностудиясының басшылығымен бірге белгілі түрік кинематографистерімен және фестиваль қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Түркияның мәдениет және туризм министрлігі алғаш рет ұйымдастырған Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестиваліне 13 елден 42 кинокартина қатысты.
Байқау бағдарламасында «Қазақфильмнің» туындылары, оның ішінде режиссер Рүстем Әбдірашовтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтің «Огонь, мерцающий в сосуде» деректі фильмі, режиссер Адай Әбелдиновтің «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» кинотуындысы және басқалар көрсетілді.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі кезінде «Қазақфильм» киностудиясы Түркі әлемі кинематографиясына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды.
Киностудия президенті Ақан Сатаевқа Respect Award атты жүлдені белгілі түрік актрисасы Фахрие Эвджен табыстады.
Келесі жылы аталған фестиваль Түркияның Бурса қаласында өтеді. Ал 2024 жылы оны Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фестиваль түркі тілдес елдердің рухани астанасы – Түркістанда өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.