Көпшілік асыға күтіп, тамашалайтын "Түнгі студия" бағдарламасын кім жүргізетіні белгілі болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі. Бұл туралы Qazaqstan телекорпорациясының басшысы Ерлан Қарин Ұлттық арнаның көктемгі телевизиялық таныстырылымында айтты.
Енді Нұрлан Қоянбаевтың орнына бұл бағдарламаны белгілі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізеді. Айта кетейік, Қайрат Әділгерей "Базар жоқ" алаңы мен "Әзіл әлемі" жобаларына қатысқан. Сонымен қатар, ол бұған дейін "Сенбілік шоу" бағдарламасында жүргізуші болып, Нұрлан Қоянбаев, Айдос Сарым мен Жандарбек Бұлғақовпен жұмыс істеген еді.
"Біз 1 наурызда ашылатын жаңа маусымға белсенді түрде дайындалып жатырмыз. Бірнеше бағдарлама жаңартылған форматта шығатын болады. Оның ішінде "Түнгі студия" бағдарламасы бар, онда енді басқа жүргізуші болады. Нұрлан Қоянбаев өзінің шығармашылық жобаларымен айналысуды шешті. Бұл мәселені 2017 жылдың жазында - Нұрлан Қоянбаевтың телевидение саласынан біраз уақытқа кеткісі келгенде талқылаған болатынбыз. Сонда біз Нұрланның осы жобаны жылдың соңына дейін жүргізетінін шешкен едік. Оған осы үшін алғыс айтқым келеді. Енді "Түнгі студия" жаңа форматта шығатын болады", - деген еді Ерлан Қарин.
Ал, бұрынғы жүргізуші Нұрлан Қоянбаев біраз уақытқа шығармашылық демалысқа кетті. Бұл туралы ол өзінің инстаграм желісіндегі парақшасына:
"Бұл өз шешімім. Телевизияда үзіліс жасадым. 16 жыл істедім, барлық жақта толыққанды штатта істедім. Көптеген бағдарлама мен сериал түсірдім. Сосын бір уақытта үзіліс алу керек екенін түсіндім. Қазір боспын. Әрине, бірден ұсыныстар түсіп жатыр, бізде нарық шағын ғой. Ұсыныстар бар, бірақ әзірше қабылдауға асықпаймын. Телевизияда көп уақыт жұмыс істедім, әлденемен шұғылдансам, соңына дейін барамын. Сондықтан маған өте ауыр. Қазір шығармашылық демалыстамын", - деп жазды.