28 мау, 2021 сағат 21:18

Цифрлық трансформация: Қазақстан мен Германия мүмкіндіктерді арттырмақшы


Бүгін ҚР Германиядағы елшісі Даурен Кариповтың қатысуымен Неміс компанияларымен онлайн кездесу өтті.

Онда цифрлық трансформацияны дамытудағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері және 

экономиканы цифрландыру, өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы бірлескен жобалар жайы талқыланды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат». 

 

«Өздеріңіз білесіздер, қазір Қазақстан ғана емес, барлық мемлекеттер цифрландыруға көшіп жатыр. Оның ішінде біздің елдің де көш бастап келе жатқаны көңіл қуантады. Ал мұндай игі істі Германия сияқты дамыған елмен бірлесіп атқару тіпті мол мүмкіндік бермек. Сондықтан да бүгін сіздермен онлайн кездесіп, трансформация мәселесін талқылауды жөн көрдік», - деді ҚР Германиядағы елшісі Даурен Карипов.


Кездесу барысында Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс екі ел бизнесмендерінің іскерлік байланыстарын орнатудың маңыздылығын атап өтті. 

«Ұтымды цифрлық трансформация анық түсіну үшін екі түрлі саланы қарастыру керек: ол кез келген ұйымның осы өзгерістерді асыру үшін қажетті негізгі бизнес мүмкіндіктері мен осы салада табысқа жеткен ұйымдардың қолданған әдістері. Осы әдістердің арқасында олар бәсекелестерін артта қалдырған.

Цифрлық трансформацияға қажетті негізгі мүмкіндіктерді түсіну үшін кемелдену үлгісіне көз жүгірту керек. Мұндай үлгілер ұйымның осы үрдісті дамытуға қажетті стратегиялық бағыттар мен негізгі құралдарды қамтуы тиіс.

Қазақстан мен Германиядағы цифрлық трансформацияны кеңейтуге одан әрі серпін беруге мүмкіндік беретін жаңа түйісу нүктелерін іздеу қажет», -деді ол. 

Цифрлық трансформация табысты болуы үшін адаммен бірге технология да қажет. Технологиясыз цифрлы емес, жай өзгеріс болып қалады. Сондықтан оны бизнес стратегияда қолдану пайда әкелмейді. Бизнес стратегия мен цифрлық стратегия бір бірінен ажырамауы керек. Сонда ғана цифрлық технологияның мүмкіндігін толық пайдалана аласыз.

Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғалидың айтуынша, мықты елдердің бірлесіп трансформациялануы алға дамушылықты білдіреді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырмақ екен.

«Өздеріңізге белгілі, цифрландыру өзекті мәселелердің бірі. Қағазбастылықтан, жауапкершілікті цифрландыруға ауыстыру оңай емес. Көшіру де бірталай қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан бүгін онлайн кездесуде бас қосып отырған баршаңызға алғыс білдіре отырып, өз ұсынысымызды жасамақпыз», - деді «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали.

Сонымен қатар пікірталас барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан цифрлық трансформация жөніндегі қызмет атап өтілді. Және қатысушылар «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі шеңберінде инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат берді.

Онлайн-кездесу барысында жетекші неміс компанияларының басшылары цифрлық дамудың ортақ перспективаларын, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін және Қазақстанның электр энергиясына арналған тарифтерге қатысты артықшылықтарын, инфрақұрылымды және адами ресурстарды ескере отырып, бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды.

Кездесу соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, онда әлеуетті инвесторлар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақ қойып, ал сауалдарға кәсіби мамандар жауап берді.

Аталған кездесуге елшімен бірге, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асқар Жамбакин, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Динара Щеглова, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Темірғали, Astana Hub Бас директоры Мағжан Мәдиев, сондай-ақ Siemens Advanta Lanxess AG, Gigaset AG, SAP SE, Baumüller Group, DMT GmbH & Co. KG, WILO SE сияқты 40-қа жуық жетекші неміс компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Бүгін ҚР Германиядағы елшісі Даурен Кариповтың қатысуымен Неміс компанияларымен онлайн кездесу өтті. Онда цифрлық трансформацияны дамытудағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері және экономиканы цифрландыру


өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы бірлескен жобалар жайы талқыланды.