27 там, 2019 сағат 11:16

Цифрлық көмекшінің кітапханашы-библиографтардан үйренері көп


Конгресс кітапханасының заңнамалық дереккөздер анықтамалық қызметі. 1919 ж. (Library of Congress/Corbis/VCG via Getty Images)

Цифрлық ғасырдың ең үлкен парадоксы – Кремний алқабының өнертапқыштары бұрыннан бері қолданыста бар дүниелерге цифрлық сипат беру арқылы, өздерін болашақ қоғамның көшбасшылары деп есептейді. Сондай «жаңалықтардың» бірі – цифрлық кеңесші, яғни ғалымдарға көмек беретін цифрлық библиографтар. Алайда олардың қызмет көрсету сапасы бір ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан америкалық библиограф кеңесшілермен салыстыруға да келмейді.

Кітапханашы-библиографтар өз уақытында америкалықтардың өмірінде маңызды рөл атқарған еді. Олар оқырмандардың қарапайым сұрақтарынан бастап, белгілі тақырыптар бойынша ғылыми еңбектер жайлы мол мәлімет бере алатын. Оқырмандар не кітапханаға барып немесе үй телефоны арқылы жергілікті библиограф маманнан өзіне қажетті сұрақтарға тұщымды жауап алатын. 

Егер оқырман біреуден естіген, бірақ атауын нақты білмейтін бір кітаптың немесе журнал мақаласының атын айтса, библиограф кеңесші оның атын да затын да табан астында нақтылап беретін еді. Библиографтар әр түрлі әдебиеттер тізімін білумен қатар, сол әдебиеттерді кәсіби түрде жүйелейтін мұрағатшы қызметін де атқарды. Олар әрбір оқырманның қойған сұрағына қарай тақырыптың тереңдігін бағалап, оқырманның зерттеу жұмысына сапалы бағыт-бағдар беретін. Сонымен қатар, кез келген мақала мен ғылыми еңбектің қаншалықты сенімді дереккөз екенін айтып, басқа да әдебиеттерді салыстыра отырып, мәселені барынша зерделейтін.

Академияда библиографтар ғалымдардың сан түрлі әдеби шолуына  керекті материалдарды табуға көмектесті. Тіпті олардың білмеген әдебиеттерін тауып беріп, ғылыми асисстент қызметін де атқарып жүрді.

Шындығында, библиографтар жалғандық пен көзбояушылық жайылған заманда жалған ақпаратпен күресуге көп көмегін тигізер еді. Олар анықтамалық кітапханаға келген әрбір оқырманға тегін қызмет көрсететін таптырмас ғылыми асисстент болды.

Ең бастысы, бұрынғы библиограф кеңесшінің қызмет көрсету сапасына қарайтын болсақ, интернеттің қандай деңгейде жұмыс істейтінін көруге болады. Бүгінде халық арасында кітапхана – кітап сақтайтын және анда-санда кітап алуға болатын қойма деген түсінік қалыптасқан. Ақиқатында, кітапхана халықты ағартып, көзін ашқан білім ордасы еді.

Интернет желі қолданушыға санаулы сәттерде миллиондаған дереккөзді тауып бергенімен, машина сол мәліметтің дұрысын бұрысынан ажырата алмайды. Интернеттің сізге ұсынған әдебиеттер тізімінде пікір де, зерттеу де, дәлел мен күдік те, өтірік шыны аралас ғылыми мақалалар да кездеседі. Желі қолданушысы өзіне қажетті әдебиетті мая шөптің ішінен ине іздегендей қиыншылықпен табуға тура келеді.

Ал қоғамдық кітапханаларда білімі жоғары мамандар оқырманға ең қажетті әдебиеттерді жаңылмай табуға көмектеседі. Библиографтар жергілікті халықты мазалайтын сұрақтарды нақты біліп, оқырмандарды жеке-жеке таниды. Соған байланысты жауапты да сұрақ қоюшының деңгейіне қарай бейімдейді. Ал Кремний алқабы біздің қоғамда болмаған, қарапайым сұраққа қарапайым жауап беретін бағдарламаны «өнертабыс» деңгейінде мадақтайды.

Жеме-жемге келгенде, цифрлық көмекшілер қарапайым сұрақтың өзіне жауап табудан қиналып, ғаламтордағы мүмкін болатын керекті-керексіз ақпаратты көрсетуден әрі аса алмайды. Ол сіздің сұрағыңыздың жауабын бұрындары интернетте жарияланған дереккөздерден алып береді.

Смартфондағы цифрлы көмекші біздің қойған сұрақты да түсінбейді. Ол тек ашық ғаламтордағы ұқсас мәтіндерден құралған деректерді алдыңызға әкеледі. Кейде сіздің сұрағыңыздың жауабы әлемдік желіде болған күннің өзінде де, егер сол сұрақты қойған адамдар саны аз болса, жауап шықпайды.

Ал библиограф кеңесшілер кез келген қиындықтағы сұраққа жауап беріп, арнайы зерттеуді қажет ететін ешкімнің ешқашан қоймаған сұрағына да жауап беруге қабілеті бар.

Цифлық көмекшілерді жасаушы инженерлермен сөйлескен кезде, олардың көбісі библиограф мамандардың қызметі жайлы біле бермейді. Мысалы, 2017 жылы Америка Құрама штатындағы 9000-ға жуық қоғамдық кітапхананы қамтыған сауалнама нәтижесі бойынша, 17000-нан артық кітапхана қызметкері сол жылы 240 миллион сұранымға жауап берген екен.

Кремний алқабының америкалық библиографтардан үйренері ұшан-теңіз. Олардың рөлін түсіну үшін жергілікті кітапханаларға барып, олардың ақпаратпен жұмыс істеу әдісін үйренсе болады. Ашық ғаламтордағы дайын үлгі бойынша жауап беретін жүйенің жұмысын жақсарту үшін, инженерлер библиографтардың оқытуынан өтіп, олардың әмбебап эксперттік деңгейге қалай жеткеніне көңіл аударса игі еді.

Қазіргі цифрлық көмекшілердің «Қай жылы адам Айға қонды?» немесе «Марк Твеннің шын аты кім?» деген сияқты қарапайым сұрақтарға жауап бергенін Кремний алқабы жетістікке балап жүрген кезде, кітапханада осы тектес сұрақтардың жауабы анықтама қызметінен оңай табуға болады.

Библиограф кеңесшілер оқырмандардың «Мен Марк Твеннің өмірі жайлы білгім келеді» немесе «1900 жылдары Хаклберри Финнді сынап жазған ғылыми мақалалар керек», «Марк Твеннің балалық шағы оның шығармашылығына қалай әсер етті?» сияқты күрделі сұрақтарға да жауап береді. Дәл осы сұрақты цифрлық көмекшіге қойсаңыз, ол сізге википедиядағы мақаланы көрсетеді немесе «Сізге көмектесе алатыныма сенімді емеспін» деп жауап қайтаруы бек мүмкін.

Осы ретте библиографтар мен цифрлық көмекшілерді қалай байланыстыруға болады деген заңды сұрақ туындайды. Егер күрделі сұрақтарға жауап табу үшін цифрлық көмекші желі қолданушыны жергілікті библиографқа сілтеме жасаса қалай болар еді? Желі қолданушы кітапханаға телефон соғып немесе анықтама қызметімен виртуалды чат құрса ше? Осылайша, сұрақтар тізбегі библиографтың жұмыс уақытында келіп түседі де, жауап дайын болғанда желі қолданушыға қайта жіберіледі.

Әрине, бұл өз кезегінде библиографтардың жұмысын көбейтетіні анық, бірақ бұл кітапханашылар мен цифрлық көмекшілердің ең тиімді серіктестігі болар еді.

Нәтижесінде, цифрлы ғасырда өсіп келе жатқан ұрпақ алпауыт цифрық әлемде адастырмайтын жолбасшылармен бірге болып, өзіне қажетін табар еді. Жаңа технологиялардың жетістігі мұндай мүмкіндіктерге де жол ашары анық.

Мақаланың түпнұсқасы: forbes.com