16 қыр, 2024 сағат 10:56

Трампқа тағы да қастандық жасалған болуы мүмкін


АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамп гольф ойнаған гольф клубының маңында оқ атылды.

"Трамп атыс болған жерден бірнеше жүз метр қашықта болған, ол дін-аман, бірақ ФТБ бұл оқиғаны "қастандық әрекеті болуы мүмкін" деп мәлімдеді. "Президент Трамп аман", - деп хабарлады оның сайлауалды науқанының коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Чунг. 


Оқиғадан төрт сағат өткен соң өткен баспасөз мәслихатында ФТБ, Құпия қызмет және жергілікті полиция өкілдері Трамптың гольф клубының жанында көлікпен қашпақ болған адам ұсталғанын және гольф алаңының жанындағы бұталарда Калашников автоматының тасталғанын айтты. 

Президенттер мен экс-президенттерді күзететін Құпия қызмет өкілінің айтуынша, олардың қызметкері бұталардың арасынан шығып тұрған қаруды көріп, әріптестерімен бірге оқ атқан. Содан кейін куәгер бұталардан қара түсті Nissan көлігіне қарай жүгірген адамды көріп, ол көлікке отырып, қашып кеткенін айтқан. 

Полиция сол адамды көрші округтегі тасжолда ұстап алған. Жергілікті полицияның шерифінің айтуынша, Құпия қызмет агенттерінің оқтары оған тимеген. Бұталардан оптикалық көздеуіші бар АК-47 автоматы, екі рюкзак және GoPro бейнекамерасы табылды. 

Кей жетекші америкалық телеарналар мен газеттер құқық қорғау органдарындағы аты-жөнін атамаған дереккөздерге сілтеме жасап, күдіктінің есімі Райан Уэсли Раут (Ryan Wesley Routh), оның жасы 58-де және Гавай тұрғыны екенін хабарлады.