11 қар, 2024 сағат 11:11

Трамп Путинмен сөйлесті. Киев бұдан бейхабар

Фото: Evan Vucci/AP

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады.

BBC NEWS Washington Post-қа сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Трамп Путинмен сөйлесіп, Ресей басшысынан Украинадағы жағдайды ушықтырмауды өтінді.

Күмәнді әңгімеге ресми түсініктемелер берілген жоқ, BBC NEWS бұл мәліметті дербес растау мүмкін емес екенін де атап өтті.

WP-ның мәліметінше, Дональд Трамп 7 қараша күні Флоридадағы резиденциясынан Владимир Путинге қоңырау шалған. Басылымның дерегіне сәйкес, олар Еуропа құрлығындағы бейбітшілікті орнату мәселесін талқылаған. Трамп сондай-ақ алдағы келіссөздерге қызығушылық танытып, «Украинадағы қақтығыстың тезірек аяқталуы» туралы пікір алмасуға ниет білдірген, және Ресей президентіне Еуропадағы АҚШ-тың әскери күштерінің айтарлықтай екендігін еске салып, жағдайды ушықтырмауға кеңес берген.

Washington Post-тың хабарлауынша, Киев Трамп пен Путиннің әңгімесінен хабардар болған және оған қарсы болмаған.

Алайда Украина Сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарды.

«Украин тараптың болжалды қоңырау туралы алдын ала хабардар болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тиісінше, Украина бұл әңгімені қолдай да, қарсы бола да алмады», – деп мәлімдеді Украина Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий Reuters-ке берген сұхбатында.