Фото: www.washingtonpost.com
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың командасы Мемлекеттік департаменттегі кейбір жоғары лауазымды дипломаттардың отставкаға кетуін талап етті. Бұл шаралар Джо Байденнің кеткен әкімшілігімен «шешуші үзіліс» көрсетуге арналған. Бұл туралы кеше, 19 қаңтарда «The Washington Post» өз дереккөздерінің мәліметтеріне сүйеніп жазған, деп хабарлайды Ult.kz.
Басылымың хабарлауынша, ондаған дипломат Трамптың көмекшілерінен нұсқау алған соң, бүгін отставкаға кетеді. Отставкаға кетуі сұралғандардың қатарында Мемлекеттік хатшының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Джон Басс пен энергетикалық ресурстар жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайетт бар.
Дипломаттардың бірі Трамп командасының бұл мәселені "профессионалды түрде шешкенін" атап өтті. Оның айтуынша, жаңа әкімшілік өз орындарына бұрын бірге жұмыс істеген адамдарды тағайындауды көздеп отыр.
Лауазымдардың бірі Лиза Кеннаға бұйырмақ. Ол Трамптың бірінші президенттік кезеңінде Мемлекеттік департаментте атқарушы хатшы қызметін атқарған.
Трамптың инаугурациясы 20 қаңтар күні түс кезінде өтеді. Қатты аязға байланысты (шамамен -11°C) ол дәстүрлі түрде Конгресс ғимараты алдында емес, алғаш рет Ротунда залында өтеді.
Айта кету керек, қазірде ғимарат айналасында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ақ үй мен Конгресс маңындағы үлкен аумақ жабылып, Капитолий төбесі қоршауға алынған.