Фото: Realestate: Facebook
Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне ресми түрде кірісті. Ол Ақ үйдегі алғашқы жұмыс күнінде шамамен 100 жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мұнымен ол жақтастарына берген уәделерін орындап, сайлауалды бағдарламасын орындауға кіріскен. Бұған дейінгі президент Джо Байден алғашқы күнінде небәрі 17 жарлыққа ғана қол қойған еді. Міне, Трамп қол қойған маңызды құжаттардың негізгі тармақтары мыналар:
Трамп АҚШ пен Мексика шекарасында жалпыұлттық төтенше жағдай енгізетінін жариялады. Ол мексикалық есірткі картельдерін террористік ұйымдар деп тану және елдің оңтүстік шекарасына әскер жіберу туралы шешім қабылдады.
Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында энергетика саласында төтенше жағдай режимін енгізу жарлығы қабылданды.
Президент әділет жүйесін саясаттандыруға қарсы күрес жүргізіп, әділеттілікті қалпына келтіруді көздейтінін айтты.
Сөз бостандығын қорғап, мемлекеттік цензураны тоқтататыны туралы мәлімдеді. Осы мақсатта арнайы жарлыққа қол қойды.
Жаңа президенттің айтуынша, АҚШ-та ресми түрде тек екі жыныс — ер мен әйел ғана мойындалады.
Трамп өзін «бейбітшілік орнатушы» деп атады және әлемдегі ең қуатты армияны құруға уәде берді. Оның айтуынша, АҚШ әскери жетістіктері тек жеңістермен ғана емес, соғыстарды болдырмау арқылы да өлшенеді.
Сонымен қатар, ол АҚШ туын Марсқа тігуді және Панама каналын қайта бақылауға алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мексика шығанағының атауын «Америкалық шығанақ» деп өзгертуді де ұсынды.
«Біз бұрын-соңды ішкі дағдарыстарды еңсере алмаған әлсіз үкіметті бастан кешірдік. Бірақ бүгіннен бастап бәрі өзгереді. Құдай мені Америкаға қайтадан ұлылығын қайтару үшін сақтап қалды. Біздің алтын дәуір енді басталады», — деп мәлімдеді.