25 қаз, 2016 сағат 17:31

Тоқтар қалай "Батыр" болды?


Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы Астананың «Редиссон» қонақүйінде «Қазақстан тарихшылары қауымдастығының» шеңберінде аталып өтті.

Бұл жиынның негізгі мақсаты – Желтоқсан оқиғасын зерттеуді халықаралық саясат, тарих, философия, психология және т.б. ғылымдарының айналымына енгізіп, әлемдік ғалымның зерттеу субъектісіне айналдыру екен. Алыс-жақын 8 шет елден, еліміздің барлық түкпірінен ғалымдар мен саясаткерлердің шақырылып отырған себебі сол.

Жиынға құттықтау сөздер айтқандардың қатарында Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани мырза болып, ол Қазақтың тоталитаризмге қарсы желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толса, Венгрияның 1956 жылғы төңкерісіне 60 жыл болғанын атап өтті.

Қазақтың тұңғыш-ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың де құттықтау сөзі оқылды. Ол өзі жақын туысы қайтыс болғандықтан жиынға келе алмапты. Батырдың сөзінде бұрын айтылмаған бір дерек қылаң берді. 1987 жылы Т.Әубәкіров Мәскеуде тұрған екен. Оның сол жылы жасаған ерлігі Батыр атағына ұсынылып, КСРО ЖК хатшысы Т.Ментешашвили Жарлыққа қол қою үшін Горбачевке апарса, «Желтоқсан» үшін халқымызға әбден өшіккен қалдыбай оны: «қазаққа ешқашан да батыр атағы берілмейді» деп қолымен қағып жіберіпті. Тек, Т.Әубәкіров партиялық есепте тұрған Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Гришиннің  табанды түрде талап етуінің арқасында ғана Тоқтар ағамыз Батыр атағын алған көрінеді.

Сөйтіп, шенеуніктер өз арасында жат түгіл жақынына істей алмайтын жақсылықты топырағың торқа болғыр В.Гришин қазаққа жасаған екен...  

Жақсыбай САМРАТ,

Ұлт порталы