Қазіргі уақытта Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп жатқан және білім алып жүрген Қазақстан Республикасының 191 азаматы, сондай-ақ Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген 70-ке жуық этникалық қазақ тұрады. Енді олар бірлесіп,өз ұйымдарын құрып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Отандастар қорына» сілтеме жасап.
Жапониядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы болып «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қандас Әбдібек Қалыбек сайланды.
Бүгін «Отандастар қоры» КЕАҚ және Жапония қазақтары қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға онлайн режимде қол қойды.
Меморандум аясында мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлер арасында өзара байланысты жолға қою және ақпараттық қолдау жұмыстары жоспарлануда.
Іс-шараға ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев және осы елде тұратын этникалық қазақтар, оқып жатқан студенттер де қатысты.