Бірден айтайық, біздің бүгінгі мақаламыз қандай да бір тұлғаның жеке басын емес, оның азаматтық ұстанымы мен мақсат-мұратын кеңірек талқыға салуды көздейді. Расында, атқа қонған азаматқа мақтау мен мадақты қарша боратқаннан гөрі, оның бағыт-бағдары мен көқарас-пайымының астарына үңілу пайдалырақ екені даусыз. Әйтпесе, атқарған істі емес, тұлғаны әспеттеу кімге абырой әперер дейсің?!.
Иә, көш бастар азаматтар мінберге көтерілсе, сөзі мен ісі біте қайнасып, білгенінен жаңылмаса дейді жұрт. Жанына топталар жігіттердің де жөні түзу болғанын қалайды. Елді басқару жүздің ақылы-парасаты мен бірдің қажыр-қайратына байланысты екенін іштей түйсінеді. Ал, жүйрік уақыттың жаңашылдыққа зәру екенін анық бағамдайды.
Тоқаевтың президент лауазымындағы алғашқы отыз күні біраз түйіткілді мәселенің түйінін тарқатып бергендей болды.
Ел алдына шыққан сәттен бастап өз позициясын ашық білдіріп, көпшілік көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып айтты. Әр кездесу сайын өзін мазалаған жайттарды тілге тиек етіп, одан шығу жолдарына да нұсқау көрсетті.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін Тоқаев айтқан маңызды мәлімдемелерді тағы бір саралап көрсек.
1. «Биліктегі саяси сабақтастық – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік».
Кемелұлы қазақ баспасөзіне берген сұхбатында саяси басқару мен сабақтастық туралы сөз қозғап, алғашқы ұстанымын осы тақырыппен байланыстырды. Шынында, алмағайып заманда ұлттық тұтастықты, тұрақтылықты сақтап қалу – басты міндет. Ол үшін ішкі, сыртқы факторларға жіті назар аударып, саяси сабақтастықтың үзілмеуіне ден қою қажет. Бірліктің берік, тәуелсіздіктің ғұмырлы болуына әр қазақ мүдделі. Сол себепті, дамудың даңғыл жолына түсу үшін әуелгі мақсаттан адаспай, жаңа кезең жетістіктерін игеріп, нық қадам басу қажет. Эволюциялық дамудың ұлттың өркендеуіне жол ашатыны аз айтылған жоқ.
2. «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.
Бұл – Тоқаевтың тағы бір ұстанымы. Шынын айту керек, әділдік салтанат құрмаған қоғамда халық пен биліктің арасы салқын тартып, сенімге селкеу түсері айтпаса да түсінікті. Ол дегенің – әділетсіздіктің құрбаны болған топтардың қарсылығын тудырып, ішкі бөлінулерге әкеп соғады деген сөз. Сондықтан да, Тоқаевтың тура жолды ұстанамын деуін – ашық әрі әділ қоғам ортануға деген ізгі қадам деп қабылдадық.
3. «Үнемі алға басу, даму арқылы ғана мақсатымызға жете аламыз».
Иә, желдей жүйіткіп, зымырандай зулаған заманда бір сәт аял қылуға болмайды. Жаһанданудың жалына шарпыса да қалқаны қалың, қамалы берік мемлекет ретінде үнемі алға жылжып, жаңа Қазақстанның іргесін нықтай түсуіміз қажет. Мұны Кемелұлы жақсы түсінуі тиіс. Өзі айтқандай, кері кету тарих, болашақ ұрпақ алдында ешқашан кешірілмейді.
4. «Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылып, надандықтан құтылу қажет».
Халықтың мінезі уақыт ағымына сай өзгеріске түсіп отырады. Кезінде Абай сынаған еріншек, мал шашпалық өткен кезеңнің еншісінде қалуы керек. Кей ағайынның әсіре ысырапшылдығы, даңғой-даңғазалығы қоғамда теріс көзқарас тудырып, өзара жіктелулерге ұрындырады. Жазушының ұлы айтқан жат қылықтардан аулақ болу шіренген бай-бағландардан бастап, биліктегі шенді-шекпенділерге де қатысты дүние. Жұрт алдындағы жайсаңдардың ұнамсыз қасиеттерге ұрынуының зардабы екі есе ауыр болмақ.
5. «Жемқорлықпен күрес – қоғамның дерті».
Бұл мәселе – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе. Халықтың ақшасын қалтаға басып, мемлекеттік мүддені екінші кезекке қоятын шенеуніктердің аз болмауы көп ойға жетелейді. Жемқорлық жайлаған қоғам – ешқашан алға баспайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәсені «қоғамдық санаға сына қағатын қасіретке» балауы тегін болмаса керек. Және ол жемқорлықпен қоғам болып күресу қажеттігін баса айтып, жан-жақты кешенді іс-әрекеттер жүргізу керектігін тілге тиек етеді. Ендеше, бұл дерттің асқынбауына ел басшысының тікелей араласуы кеудеге үміт себеді.
6. «Қандастарды елге әкелу – парызымыз».
Шет елдердегі қазақтың жай-күйі кімді болмасын ойландырмай қоймасы анық. Оның үстіне соңғы кездегі Қытайдағы қандастарға қатысты тараған ақпараттар халықтың алаңдаушылығын тудырды. Тарыдай шашылған аз қазақтың атажұртқа оралуы – елдігіміздің мерейі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандастарымызға жанашырлық танытуы, алыстағы ағайының көңіліне үміт ұялатады. Егер біздің билік ішкі, сырты саясаттағы кейбір мәселелерді оңтайлы шешіп, шетелдегі қазақтардың елге оралуына жағдай жасаса, Елбасы бастап бергендей, тағы бір Ұлы көштің елге қарай бет түзеуіне куә болуымыз әсте мүмкін.
7. «Көп балалы аналарға, тұрмысы нашар топтарға берілген уәде орындалуы тиіс».
Халықтың әлеуметтік проблемаларының күрделене түскені жасырын емес. Тіпті, тұрмыс зардабы батқан аналардың ащы даусы министрлер кабинетін бір шайқап кеткені көпке аян. «Жиырма бір мың теңге» дауы әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Көп балалы аналар мен тұрмысы төмен топтардың талап-аразының толық орындалуын қадағалауында ұстамақ. Бұл істің де оңынан боларына дәмеліміз.
8. «Құрмет әкімдер мен министрлерге емес, алдымен шаруа адамына, мұғалімдер мен дәрігерлерге көрсетілуі қажет».
Қ.Тоқаев кеше Жетісу жұртшылығымен кездескен жиында ұстаздар, дәрігерлер, журналистер, жұмысшылар мемлекет назарынан тыс қалмау керек деді. Бірде-бір наградасыз қалмаған министр, депутат, әкімдерді сынға алып, жанкешті жұмыстағы жандардың еңбегін елеусіз қалдырмау керектігін айтты. Мұның өзі Президенттің қоғамда әділдік пен теңдіктің үстемдік етуіне ықыласы ерек екенінен хабар берсе керек-ті.
9. «Сайлауды әділ, ашық және таза өткізуге кепілдік беремін».
Тоқаевтың тоғызыншы талабы сайлаудың әділдігі хақында. Мемлекет басшысының мұндай мәлімдемесінен кейін, сайлау бәсекесі одан әрі қыза түсті. Кандидаттар қазір қол жинау кезеңінде. Бұдан бұрынға сайлауда жеті үміткердің біреуі ғана бой көрсеткен (ред.Жамбыл Ахметбеков). Қалған алты үміткер Президенттік сайлауға алғаш рет қатысқалы отыр. Халық та салаудың әділ әрі ашық өтеріне сенім артады.
Тәжірибелі дипломаттың байсалды болмысы мен зиялы келбетінің артында қажет кезде қатаң қимылдайтын, мығым шешім қабылдайтын, ашық та өткір пікір айтудан әрі оны іске асырудан тайсалмайтын тұлғаның сұлбасы көрінеді.
Тоқаев қоғам мен қоғамдық санадағы қалыпты, қатып қалған стереотиптерді бұзуға тырысатындай. Оның мәлімдемелері қарапайым да түсінікті және халықты ашық диалог пен талқыға шақырады.
Оның бір ай ішіндегі президенттік қызметі халықтың көңіліне де үміт ұялатып, берік сенімге қадам бастағандай. Халық та жақсылақтан үмітті.
Жандос Айман