Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады. Қабылдауда министр интернет байланысының, әсіресе, ауылдық жерлердегі сапасы мен қолжетімділігін арттыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын трансформациялау, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру жұмыстары туралы есеп берді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министр Президентке инновациялық экожүйені қалыптастыру жолдары, аэроғарыш саласын дамыту, сонымен қатар, экспортқа шығарылатын бәсекеге қабілетті өнім әзірлеу үшін IT саласы бойынша кәсіби мамандар даярлау жоспары жөнінде баяндады.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Уақыт талабына сәйкес біз елдің цифрлы дамуының бес басым бағытын айқындадық. Атап айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымын дамыту; цифрлы үкіметті дамыту; халықтың цифрлы сауатын арттыру; цифрлы кеңістікте қауіпсіздікті және құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету; экономика салаларын цифрландыру және ауқымды деректерді енгізу», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Мемлекет басшысы білім беру платформасын дамытудың, қашықтан білім беру үдерісіне техникалық тұрғыдан көмек көрсетудің, мемлекеттік қаржылай қолдау шараларын электронды оқулықтар мен цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға бағыттаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусинге мемлекеттік қызметті пайдалану кезінде биометрия тетіктерін енгізу, цифрландыруды басқару жүйесіне реформа жүргізу, «Зерде» холдингінің рөлі мен жауапкершілігін арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Мемлекет басшысы радиотолқындарды бөлудің ашық тетіктерін енгізуді тапсырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде халықтың 97 пайызы интернетке қол жеткізген. Цифрлы сауаттылық деңгейі 82,1 пайыз болса, автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 83 пайызға жеткен. Осы орайда, министр мынадай мәселелерді шешуді ұсынды: біріншіден, мемлекетаралық электронды құжат айналымын реттеу қажет. Екіншіден, автокөлік саудасына қатысты мәселе бар. Көліктер бір елден сатып алынып, екінші елде ереже бұзады, ал оның айыппұлын кімнен алу керектігін білмейміз. Міне, осындай мәселелер алға тартылды.
Осы орайда айта кетейік, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып Әнуар Ахметжанов тағайындалды. Ол 2016-2019 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы. 2019 жылы ҚР цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы. 2019 жылдың тамыз айынан бастап қазірге дейін ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған.
Естеріңізге салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады. Қабылдауда министр интернет байланысының, әсіресе, ауылдық жерлердегі сапасы мен қолжетімділігін арттыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын трансформациялау, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіру жұмыстары туралы есеп берді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусинге мемлекеттік қызметті пайдалану кезінде биометрия тетіктерін енгізу, цифрландыруды басқару жүйесіне реформа жүргізу, «Зерде» холдингінің рөлі мен жауапкершілігін арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Мемлекет басшысы радиотолқындарды бөлудің ашық тетіктерін енгізуді тапсырды.