05 шіл, 2021 сағат 21:24

Тоқаев Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында екі ел президенттері Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азия аймағындағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Тәжікстанмен арадағы достық қатынастардың мызғымастығын нақтылады.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Душанбеге жасаған сапарының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстанның орындайтынын және бауырлас тәжік халқына берілетін көмекті жалғастыра беретінін айтты", - делінген Ақорда сайтында.

Мемлекет басшылары аймақтағы ахуал жайында өзара ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында тұрақты байланыс жасап тұруға келісті.