Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Сеулдағы Кибер университеттің аумағында ашылған ұлы Абай бюстінің ашылуына зор мән беріп, оның Қазақстан мен Корея Республикасының достығын нығайта түсетінін атап өтті.

– Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстан Президенті.


2010 жыл Қазақстанның Кореядағы жылы деп жарияланса, 2011 жылы Кореяның Қазақстандағы жылы атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралар арқылы барлық бағыттағы байланыстардың арта түскеніне тоқталды.

– Әсіресе, мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық. Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табады. Қазақстанның жетекші оқу орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білемін. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық ерекше жағдай. Көптеген қазақ жастары корей университеттерінде білім алуда. Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухта дамыта түсуге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Абай мұрасының Корей халқының рухани әлемінен орнын табатынына сенімді екенін айтты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев кибер университеттің арт-студиясымен танысты.



