«Мемлекет шаруаға қажет көмекті көрсетеді». Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Президенттің айтуынша, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Сондықтан «мемлекет шаруаға қажет көмекті көрсетеді».
«Биыл қуаңшылық белең алып тұр. Шаруаларға да оңай емес. Мәселен, бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды. Бұл үшін жергілікті билік қана емес, ауылшарушалығы министрлігі де тікелей жауапты. Өйткені ұйымдастыру жұмыстары осы министрліктің құзырында», - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге қуаңшылық зардабын шегіп жатқан аймақтарға жем-шөп жеткізіп, малдың қырылуын тоқтатуды, төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған Жәнібек Қожық өзі туып-өскен өлкенің қуаңшылықтағы жағдайы туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, әр көшедегі 15-16 үй бірігіп шығаратын 300-ден астам уақ мал ауылдан 5-6 шақырымнан алысқа ұзай алмайды.
«Өріске шықты деген аты болмаса уақ мал жейтін шөп таппай, қу тастан өзге түк жоқ жерді иіскелеп жүр. Қарайған бұта көрінсе, соны кеміріп тұра қалады. Түсте күн қайнағанда ауылға айдаймыз. Маңырап, шулап қайтады. Қорада да жей қоятын жем-шөп жоқ. Табылса кебек, суға жібітіп картон қағаз береміз. Ауыл ақсақалдары биылғыдай қуаңшылықты өмірі көрмедік деп отыр. Қайта біздің ауылдың айналасына биыл аздап қар жауған еді. Соның күшімен шыққан көкті осыған дейін талғажау етіп келдік. Сондықтан біздің жағдайымыз Маңғыстау өңіріндегі басқа ауылдардан гөрі сәл тәуір деуге болар. Тұщықұдық, Ақшыңырау, Қызан ауылдары, Бейнеу ауданы түгел қатты қиналып отыр», – дейді қоғам белсендісі Жәнібек Қожық.
Ал Қызылорда облысы Арал ауданының Қамыстыбас ауылының шаруасы Рақымжан Көптілеуовтің сөзінше, кейінгі кезде өрістен қайтпай қалатын мал көбейген.
«Ауылдан ұзап шыққан көтерем сиыр қайтарда 4-5 рет тоқтап, демалып келеді. Суы тартыла бастаған көлдің жағасындағы қорыс шөбіне ентелей кірген жылқы қайта шыға алмай батпақта қалып жатыр. Қазір ауыл адамдары көл маңын бақылап, көтерем жылқыны көлден сүйреп шығарып жүр. Жайылымға кеткен түйе тоймаса ботасына да оралмайды. Шөп таба алмаған түйе жыңғыл жейді. Кіші Аралдың арғы бетінде мыңдап жылқы айдайтын кәсіпкерлер биені еміп әлсіретпесін деп биыл ерте көктемде құлындарын 20-40 мың теңгеден жаппай арзанға сатып құтылды. Оған күлгендер қазір сата алмай да жүр», – дейді Арал ауданының шаруасы Рақымжан Көптілеуов.
Мал шаруашылығы мамандарының сөзінше, бүгінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде ғана қуаңшылық бәсең. Қалған өңірдің барлығында қуаңшылық байқалып тұр.
Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Арыстан Омаровтың айтуынша, Арал ауданында жәрмеңке ұйымдастырылып, тіркемесі бар 32 көлік шөп, екі көлік жем жеткізіліп, арзан бағамен таратылған. Соның арқасында жағдай біршама тұрақталған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет шаруаға қажет көмекті көрсетеді» деді. Президенттің айтуынша, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Осы орайда Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге қуаңшылық зардабын шегіп жатқан аймақтарға жем-шөп жеткізіп, малдың қырылуын тоқтатуды, төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
