
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған жылдары Қытаймен шекара мәселесі қалай шешілгенін айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елбасының айтуынша, белгіленген шекараң болмаса, мемлекетті тәуелсіз деп есептеуге болмайды.
"Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шешілмеген бірнеше шақырым жер соғысқа әкеліп отыр. Әзербайжан мен Армения да солай. Мыңдаған мысал келтіруге болады.
Кезінде шекара үшін Кеңес Одағы мен Қытай арасында қақтығыс болып, көп адам қаза тапқан. Кейін Шығыс Қазақстандағы шекарада да қақтығыс болып, көптеген адам мерт болды. Шекара мәселесі шешілмеуі мемлекет үшін өте қауіпті", - деді Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінде.
Оның сөзінше, Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара мәселесі бойынша келіссөз 12 жылға созылған.
"Басында Қытаймен шекараласатын Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан - төрт ел бірігіп, осы мәселені кешенді түрде шешпек болдық. Келіссөз көптеген жыл бойы жүрді. Тәуелсіздік жылдарын есептесек, 12 жыл келіссөз болды. Басқалар туралы айтпай-ақ қояйын, өзімізге келер болсақ, Қытаймен шекара туралы төраға Цзян Цзэминьмен бірге құжатқа қол қойдым", - деді Елбасы.
Оның айтуынша, сол кезде белгіленбеген шекара мәселесіне Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласқан.
"Белгіленбеген бірнеше шақырымдық шекара қалды. Картографикалық аналогы сақталмаған, біз оны таптық, бірақ сипаттамасында Қытайдың, не Кеңес Одағының жері екені жазылмаған. Осы мәселеге тап болдық та, соны зерделей бастадық. Тастақ жер, төбе ғана, айналада ештеңе жоқ. Оны бұрғылап көрдік. Қазба байлықтары бар ма, жоқ па, оны да көрдік. Болмады. Қой бағуға да келмейді. Бірақ жердің аты жер ғой. Содан пікір таластырдық, дауластық. Сол кезде Тоқаев делегация құрамында еді және басқалармен салыстырғанда жақсы жұмыс істеді. Сөйтіп, бір шешімге келді де, келісімге қол қойды", - деді Назарбаев.
1490 рет оқылды