13 қаз, 2021 сағат 20:35

Тоқаев: "2030 жылға қарай бидай өнімділігі 40 пайызға төмендеуі мүмкін"


Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияға қатысты.  Мемлекет басшысы көміртегінен таза ел болу тақырыбына арналған көрмені аралап, шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Президент қазіргі уақытта климаттың өзгеруі ең өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің көміртегінен таза ел болуға қатысты үндеуін қолдайтынын айтты.


Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметаралық сарапшылар тобы дайындаған Алтыншы бағалау баяндамасындағы климаттың өзгеруіне қатысты түйткілді мәселелерді атап өтті. Аталған құжатта көмірқышқыл газының шамадан тыс ауаға таралуы салдарынан  жаһандық жылынудың осы жүз жылдықта 1,5-2 градусқа жоғарылайтыны айтылған.

Мемлекет басшысының пікірінше, Орталық Азиядағы жылыну процесінің жылдам қарқын алуы алаңдаушылық тудырып, шұғыл әрекетті талап етеді.

– Бұл су мен азық-түлікті және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Алайда жағдай нашарласа, 2030 жылға қарай бидай өнімі шамамен 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Қазақстанның Орталық Азиядағы жалғыз экспорттаушы ел екенін ескерсек, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнетіні сөзсіз. Бұл - қарапайым ғана мысал. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес – мұның ортақ іс екенінің дәлелі. Бұл - аса маңызды мәселе, – деді Президент.


Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екеніне қарамастан, Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізетін алғашқы жүз елдің қатарында болатынын жариялағанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасын әзірлеп жатқаны туралы айтты. Президент Доктрина, түптеп келгенде, прагматикалық әрі рационалды болуға, ел экономикасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ескеруге тиіс деп есептейді.

– Қазірдің өзінде Доктринадағы үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі күш-жігер қажет екені айқын. Бұл ретте, отын-энергетика кешенін жаңғыртуда, индустриялды және агроөнеркәсіп саясатын қайта қарауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыста және жалпы адамдардың өмір сүру дағдысында жаңа тәсілдер қажет. 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энергия балансының 80 пайызынан астамын құрайтын болады. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткізіп қана қоймай, 2060 жылға қарай парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды, – деді Мемлекет басшысы.  


Президенттің айтуынша, мұндай үлкен мақсаттарға қол жеткізу үшін электр қуаты мен жылу өндіру секторын жаңартуға қомақты қаражат пен инвестиция тарту,  парниктік газдардың қалдықтарына бөлінетін квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесін қайта қарау, оны тиісті халықаралық жүйелерге сәйкестендіру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан газбен қамтудың ауқымды жұмысы, жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамытудың әлеуеті мен жасыл экономиканы қаржыландыру, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің гидрологиялық және экологиялық мәселелерін шешу шаралары туралы айтты.

Президент елімізді көгалдандыру бағдарламасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызылады.

– Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде, ауқымды ұлттық жобаға айналады. Жүктеліп отырған міндет өте өзекті. Сондықтан оның санын көбейтумен айналыспай және көзбояушылыққа салмай дұрыс орындау керек, – деді Президент.