02 там, 2019 сағат 17:04

«Тобыл» футбол клубы қаржылық дағдарысқа тап болды – клуб басшысы

«Тобыл» директоры клубтағы соңғы жағдайлар туралы түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

Николай Панин белгілі футбол маманы Владимир Газзаевпен не үшін келісімшартты үзгенін түсіндірді. Оның айтуынша, командадағы қаржылық жағдай осындай шешім қабылдауға мәжбүр еткен.

«Алдымен, қазақстандық барша жанкүйер алдында кешірім сұраймын. Еуропа лигасында сәтсіздікке ұшырағанымыз рас. Әрине, кез келген ұжымда мұндай жағдайлар болады. Қазір біз сондай күй кешіп отырмыз. Футболшылар да, клубтың жұмыскерлері де шамалы дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Біз Владимир Валерьевичке Қостанайдағы еңбегі үшін рахмет айтамыз. Дегенмен, «Тобылдың» бюджеті бәрін көтере бермейді. Бюджетті оңтайландыру Еуропа лигасына дейін де қозғалды. Командаға Еуропа лигасының екі кезеңінен өту міндеті қойылды. Мұнан соң біз УЕФА тарапынан түсетін төлемдерге үміт арттық. Дегенмен, біз бірінші кезеңнен әрі аса алмадық. Қазір клубта шығындар қайта есептеліп жатыр. Команда басшылығы футболшыларға жұмсалатын қаржыны азайту туралы ұсыныс айтты. Алайда, Владимир Газзаев бұл ұсынысты қоштамады, мұнан соң өзі жұмыстан кетуге шешім қабылады. Онымен бірге көмекшісі Николай Латыш та кетті», - дейді Николай Панин.

Сонымен қатар, командадағы қиын жағдайды ескерген техникалық директор Владимир Нидергаус пен бапкер Андрей Мирошниченко да өз еркімен жұмыстан кеткен. Алайда, қазір команда құрамындағы футболшылар жалақының төмендеуіне қарсылық білдірмеген.

«Владимир Газзаев сұхбатында команданың «алтынға» таласатынын айтқан еді. Бұл дұрыс емес. Қаржылық жағдайдың қиындағаны соншалық, чемпиондық туралы әңгіме болған емес. Жақында «Астананың» жылдық бюджетінің бізден үш есе жоғары екенін білдік. Біз бірінші орын алу үшін әуелі құрамды күшейтуіміз керек. Ал ол үшін қаржының керегі сөзсіз», - деп түйді клубтың директоры.

Еске салсақ, Еуропа лигасындағы сәтсіз ойыннан соң «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Владимир Газзаев жұмысынан кеткен болатын.