31 мам, 2025 сағат 13:40

«Тірі болсақ, алдымыз үлкен той» немесе Алаш арманына жеттік пе?


Фотоколлаж: Ult.kz

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Бүгін, яғни 31 мамыр ұлттың болашағы үшін өз өмірлерін құрбан етіп, қуғын-сүргін көріп, ату жазасына кесілген зиялыларды еске алу күні. Сонша құрбандықтың артында олар армандаған қазақ жері ‒ тәуелсіз, қазақ ұлты білімді, әділетті қоғамда өмір сүретін, тілі мен дініне берік, еркін халық болатын. Үлкен арман орындалды ма? Талдайық.

Жер

Алаш қайраткерлері қазақ жерінің тұтастығы мен автономиясын көкседі. Алаштықтардың басты арманы орындалды. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Қазақ жері тұтас сақталып, мемлекеттік шекара халықаралық деңгейде мойындалды.


Фото: Шығыс Қазақстан. Динара Болаттың жеке мұрағатынан

Тіл және мектеп

Алаш қайраткерлері қазақ баласының ана тілінде білім алуын, заманауи ғылым-білімге қол жеткізуін басты мақсат етті. Иә, бұл арман да орындалды. Алайда дәл алаштықтар қалағандай емес. Конституция бойынша қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттік тілі боп жарияланды. Қазақша мектеп көбейді. Бірақ қазақ тілі толыққанды құқықтық, ғылыми және технологиялық тілге айналған жоқ. Мұның өзі қазақ тілі нақты үстем тілге айналмауының айғағы. 


Білім-ғылым

Елде жоғарғы оқу орындары көп. Ғылыми мекеме жүйесі де қалыптасты. Алаштықтар армандаған қазақ жастары шетелде білім алып жүр. Дегенмен ғылымда тәуелділік пен формализм көп. Әрі ғылым саласында ұлттық мүдде төмен. Дарынды, қабілетті жастарға жағдай жасап, ұлт мүддесіне жұмсай алмай отырмыз.  

Фото: egemen.kz

Әділ сот

Алаш зиялылары ел басқарудың әділетті, құқықтық жүйесін қалады. Бірақ Қазақстан заңға сүйенетін мемлекет болғанымен, бүгінгі сот процесстері қазақ зиялылары армандағандай әрқашан әділетті емес. Сот тәуелсіздігі, заң үстемдігі, жемқорлықпен, туыстықпен күрес жалғасып келеді. Халықта сот десе сенімен қарау емес, күмәндану басым.

Отбасы институты

Алаш армандаған отбасы өз ұрпағына жауапты, бала тәрбиесіне ерекше мән беретін тұлғалардың одағы еді. Сонымен бірге олар әйелдің білім алуын, қазақ әйелінің теңдігін мақсат етті. Иә, бүгінгі таңда әйелдер білім ала алады, кәсіби салада ерлермен тең дәрежеде. Дегенмен әйелдерді отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау қиынға соғып тұр. Сонымен бірге ұрпағына жауапсыз әкелердің көптігін тағы жасыра алмаймыз.

Ойлы қазақ

“Оқығандар көбейсе ‒ қазақ түзеледі” деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Алаштықтар әу бастан мықты елдің іргетасы ‒ ұлттық санасы ояу, сауатты, дүниетанымы кең, санасы ашық, ойлы қазақ деп білді. Бұл арман орындалды ма? Мұндай қазақтар бар, бірақ аз. Дәл осы қасиеттерге ие қазақтардың аздығынан Алаш арманы толық орындалмай тұр десек те болады.

Фото: Динара Болаттың жеке мұрағатынан

Пайым

Иә, тәуелсіз ел болдық, бірақ Алаш қайраткерлері аңсаған ел әлі бола қоймадық. Өткен ғасырдағы адамдардың мұрасы бүгін өміршең емес деп ысырып тастауға келмейтін аманат. Орындалуы тиіс. Себебі олар сонша құрбандыққа барып тұрып ертеңіне, қазаққа, ұрпаққа сенді. Сенім ақталуы керек. Ұрпақтарының ұлт ретінде ояу екенін дәледеу қажет.