11 шіл, 2017 сағат 10:17

Тимур Сүлейменов: Маусымда азық-түлік 7 пайызға қымбаттады

Қазақстанда жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсті. Алайда бірқатар тауарлардың құны арзандап отыр, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Ресми статистика мәліметтеріне сәйкес, маусымның соңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басына қарағанда 7 пайызға ұлғайды. Ағымдағы жыл басынан бері пияз - 81,1 пайызға, картоп - 74,9 пайызға, қырыққабат - 61,2 пайызға, сәбіз - 38,1 пайызға, сиыр еті - 10,7 пайызға өскені байқалады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, онымен бір мезгілде бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандап отыр. Мәселен, тауық жұмыртқасының бағасы - 26,9 пайызға, қарақұмық - 19,7 пайызға, күнбағыс майы - 7,6 пайызға, қант 1,3 пайыға төмендеді.

Азық-түлік бағасының қымбаттауына бірнеше себеп бар. "Әр жылдың екінші тоқсанында тұрақтандыру қорлары азая бастайды. Ал жаңа өнімнің бағасы қымбат болады. Бұдан бөлек, биыл пияз, картоп, қырыққабат сияқты азық-түлік өнімдерін Өзбекстанға экспорттау көлемі ұлғайып отыр", - деп атап көрсетті Тимур Сүлейменов.