25 ақп, 2021 сағат 16:45

Теннистен Нұр-Сұлтан турнирі: Денис Евсеев жұптық сында жартылай финалға шықты

Қазақстандық Денис Евсеев өзбекстандық Денис Истоминмен бірге жұптық сында елордада өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық-өзбекстандық жұп ширек финалда канадалықтар Петер Полански – Брейден Шнурмен күш сынасты.

Қос Денис бірінші партияда қарсыластарын бет қаратпады – 6:0.

Екінші сетте де олар 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры 47 минутқа созылған матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Д.Истомин мен Д.Евсеев бәсеке барысында үш брейкке қол жеткізді. Енді олар жартылай финалда америкалықтар Натан Паша – Макс Шнурмен шеберлік байқасады.

Америкалық жұп ширек финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мен грузиялық Александр Метревелиді тартысты ойында 7:5, 7:6 (7:5) есебімен жеңіп кетті. 

Бұдан бұрын осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық Александр Недовесов пен украиналық Денис Молчанов қарсыластарының бірі жарақат алуына байланысты жартылай финалға өткен болатын. А.Недовесов пен Д.Молчанов финалға шығу үшін германиялық Юлиан Ленц – эквадорлық Роберто Кироспен таласады. Бұл жұп ширек финалда франциялық Уго Гренье – Александр Мюллерді тізе бүктірді.