Қазақстандық Ярослава Шведова Майами WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 105-орында тұрған чехиялық Тереза Мартинцовамен шеберлік байқасты.
Чехиялық спортшы бірінші партияда 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде де ойын тізгінін қолында ұстады – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
Т.Мартинцова екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Бьянка Андреескумен кездеседі.
Зарина Дияс бүгін екінші кездесуін әлемнің 12-інші, осы доданың 11-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен өткізеді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина ертең екінші айналымда рейтингте 64-сатыдағы эстониялық Кайя Канепимен кортқа шығады. Тағы бір қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцеваның қарсыласы – рейтингте 95-орында тұрған сербиялық Нина Стоянович.
Ерлер арасында әлемнің 105-ракеткасы Михаил Кукушкин бүгін рейтингте 316-орындағы ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен күш сынасады. Жарысты екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 57-орындағы сербиялық Ласло Дьеренің шамасын байқап көреді.