16 сәу, 2021 сағат 21:08

Теннис: Юлия Путинцева Қазақстан – Аргентина матчын жеңіспен бастады

Испанияның Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан – Аргентина матчы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы болып кортқа Қазақстаннан әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева, Аргентинадан дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған Надя Подороска шықты.

Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Н.Подороска сол додада Ю.Путинцеваны да ұтып кеткен болатын. 

Бұл жолы бірінші партияда аргентиналық теннисші басымдылық көрсетті – 6:2.

Екіншісінде қазақстандық спортшы есе қайырды – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте Ю.Путинцева қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Бәсеке екі сағаттай уақытқа созылды.

Осылайша Н.Подороскаға Парижде кеткен есесін қайтарған Юлия Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0.

Бүгін сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина аргентиналық Мария Лурдес Карлемен шеберлік байқасады.

Сенбі күні Н.Подороска – Е.Рыбакина, М.-Л.Карле – Ю.Путинцева және жұптық сында Ярослава Шведова мен Анна Данилина – Н.Подороска мен М.-Л.Карле кездесулері жоспарланған. 

Үш жеңіске жеткен команда Билли Джин Кинг кубогының шешуші іріктеу кезеңіне жолдама алады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан – Аргентина матчының жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.