02 нау, 2021 сағат 18:23

Теннис: Рыбакина Дохада тартысты матчта қарсыласына есе жіберді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Доха WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 56-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен кездесті. 

Бірінші партияда германиялық спортшының тай-брейкте жолы болды - 7:6 (9:7).

Л.Зигемунд екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте брейкпен алға кетті. Әйтсе де есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ол тағы да тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5). 

Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 31 минутқа созылды. 

Л.Зигемунд ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен таласады. 

Жуырда Аделаида додасында дәл осы германиялық теннисшіні тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева ұтқан болатын. Юлия бүйрегіне ота жасатқандықтан, Доха жарысына қатыса алмады.