09 қыр, 2019 сағат 15:03

Теннис: Путинцева әлемнің 3-ракеткасымен кездеседі

Қазақстандық Юлия Путинцева Чжэнчжоу (Қытай) WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда словениялық Тамара Зиданшекпен кездесті.

Қос теннисшінің бұған дейін өзара екі рет жолдары тоқайласқан екен. Рабатта Т.Зиданшек басымдылық көрсетсе, Нюрнберг турнирінің финалында Ю.Путинцева ұтып, жарыс жеңімпазы атанған болатын.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші бет қаратқан жоқ – 6:1.

Тартысты өрбіген екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте Ю.Путинцева брейк жасай білді – 4:2. Дегенмен ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. Зиданшек қатарынан төрт геймді алды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияны Путинцева брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 5:1. Бұл жолы матчқа доп бергенде, есесін жібермеді – 6:1.

Матч 2 сағат 17 минутқа созылды.

Осылайша өзара бәсекеде Путинцева 2:1 есебімен алға шықты.

Жүлде қоры 1,5 млн АҚШ доллары болатын жарыстың екінші айналымында Юлия Путинцева әлемнің үшінші, осы турнирдің 2-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездеседі. Э.Свитолина мұның алдында US Open турнирінде табысты өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Хиросима турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.