Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен кездесті.
Бірінші партияда Ю.Путинцева брейк жасап, жеңіске жете алды – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді. Алайда Л.Зигемунд сол бойда қарымта қайырып, таразы басын теңестірді – 3:3. Дегенмен Ю.Путинцева матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:4.
Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды.
Юлия ширек финалға шығу үшін рейтингте 292-сатыдағы аустралиялық Сторм Сэндерспен таласады. Ол бастапқы кездесуінде отандасы, әлемнің 74-ракеткасы Айла Томляновичті 6:1, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Барти бастаған теннисшілер қатысып жатқан дода 27 ақпанда мәреге жетеді. Жалпы жүлде қоры – 535 мың АҚШ доллары. Өткен жылы осы турнирде финалда украиналық Даяна Ястремскаяны ұтқан Э.Барти чемпион атанған болатын.