Елордада теннистен Forte Challenger 125 турнирі қазақстандықтар үшін сәтсіз өтуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлемнің 96-ыншы, осы доданың 3-ракеткасы Михаил Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 179-орында тұрған португалиялық Фредерико Феррейра Сильвамен кортқа шықты.
Бұл ойында М.Кукушкин қарсыласына 3:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Ол бір апта бұрын да елордадағы осындай турнирде алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев жапониялық Татсума Итодан 4:6, 6:2, 3:6 есебімен ұтылды.
Жексенбі күні төрт бірдей қазақстандық іріктеу сайыстарында-ақ жолдан шығып қалды.
Ертең қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко өзара кездесіп, қай жеңгені екінші айналымға шығады.
Сондай-ақ Александр Недовесов жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған украиналық Владислав Манафовтың шамасын байқап көреді.
Д.Евсеев өзбекстандық аттасы Денис Истоминмен бірге жұптық сында осы доданың 1-ракеткалары, америкалықтар Джексон Уизроу – Натаниэл Лэммонспен шеберлік байқасады.
Нұр-Сұлтан 2 турнирі 7 наурызда мәреге жетеді.