Қазақстандық Александр Недовесов сербиялық Виктор Троицкимен бірге жұптық сында елордада Forte Challenger 125 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен В.Троицки ширек финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко – грузиялық Александр Метревелимен кездесуі керек еді.
Турнирдің ресми өкілінің мәліметіне қарағанда, А.Метревели жаттығу кезінде бұлшық етін созып алған.
Осылайша қазақстандық-сербиялық жұп ойнамастан жартылай финалға жолдама алды. Олардың жартылай финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Бүгін сондай-ақ тағы екі қазақстандық теннисші жұптық сында кортқа шығады. Григорий Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге канадалықтар Петр Полански мен Брайден Шнурмен шеберлік байқасады. Ал Тимофей Скатов фин Отто Виртаненмен бірге осы доданың 1-ракеткалары, америкалықтар Джексон Уизроу – Натаниэл Лэммонспен кездеседі.