Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев Хорватиядағы Задар челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы доданың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов пен А.Голубев бастапқы кездесуін италиялықтар Марко Бортолотти – Алессандро Джаннесимен өткізді.
Қазақстандық жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 8 минутқа созылған бәсекеде екі мәрте брейк жасай білді.
А.Недовесов пен А.Голубев жартылай финалға шығу үшін босниялық Томислав Бркич – хорватиялық Нино Сердарушич немесе чехиялық Вит Коприва – испаниялық Николас Санчес жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Жүлде қоры 44820 еуроға бағаланған Задар додасы 27 наурызда мәреге жетеді.