Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан – Аргентина матчында еліміздің бірінші ракеткасы, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина командасын алға шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жарыстың екінші күні Елена Рыбакина Аргентинаның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Надя Подороскамен кездесті.
Кеше аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карледен күтпеген жерден жеңіліп қалған Е.Рыбакина бұл жолы ойын тізгінін қолына алды.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай білді. Матчқа доп бергенде, қарсыласы қайыра брейк жасады. Бірақ Елена кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4.
Бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды.
Осылайша матчта Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен алға шықты. Енді қазақстандықтарға қалған екі кездесуде бір жеңіске жетсе болды, Билли Джин Кинг кубогының шешуші кезеңіне жолдама алады.