Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Дмитрий Попко Санкт-Петербург АТР челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Евсеев бастапқы кездесуін өзбекстандық Важа Узаковпен өткізді.
Денис қарсыласына бірде-бір гейм бермей, 6:0, 6:0 есебімен ұтты.
Бәсеке небәрі 33 минутқа созылды.
Қазақстандық теннисші матч барысында алты брейк жасай алды.
Д.Евсеев екінші айналымда отандасы, осы доданың 2-ракеткасы Дмитрий Попкомен кездеседі. Қай жеңгені ширек финалға өтеді.
Д.Попко алғашқы айналымда хорватиялық Нино Сердарушичті 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Жүлде қоры 52080 АҚШ долларына бағаланған жарыс 14 наурыз күні аяқталады.