23 ақп, 2021 сағат 19:00

Теннис: Денис Евсеев жұптық сында Нұр-Сұлтан турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстандық Денис Евсеев өзбекстандық Денис Истоминмен бірге жұптық сында елордада өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қос Денис бастапқы кездесуін португалиялық Фредерику Феррейра Силва – чехиялық Томаш Махачпен өткізді.

Бірінші партияда португалиялық-чехиялық жұп 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде Евсеев пен Истомин есе қайырды – 7:5. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7.

Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.

Д.Евсеев пен Д.Истомин жартылай финалға шығу үшін осы жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген канадалықтар Петер Полански – Брейден Шнурмен таласады. Бұл екеуі қазақстандықтар Тимофей Скатов пен Доштанбек Ташболатовты 6:2, 6:1 есебімен оңай жеңді.

Қазақстандықтардың жекелей сында бүгін де жолы болған жоқ. Алдымен Д.Евсеев өзбекстандық Д.Истоминге 7:6 (8:6), 3:6, 3:6 есебімен есе жіберді. 

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко америкалық Улисс Бланчпен шеберлік байқасты. Әуелі У.Бланч 6:4 есебімен басымдылық танытса, екінші сетте Д.Попко есе қайырды – 6:2. Шешуші, үшінші партия барысында Д.Попко қарсыласын қуып жеткенімен, тай-брейкте жеңісті уысынан шығарып алды – 6:7 (7:9).

Осылайша жекелей сында Қазақстаннан Д.Ташболатов қана қалды. Ол ертең алғашқы айналымда осы доданың 4-ракеткасы, үндістандық Праджнеш Гуннесваранмен кортқа шығады.