29 нау, 2021 сағат 23:30

Теннис: Александр Бублик Майами мастерс турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Майами ATP 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

А.Бублик төртінші айналымда әлемнің 32-інші, осы жарыстың 22-ракеткасы Тейлор Фрицпен кездесті. 

Қос теннисші 23 жаста. Бұған дейін екі мәрте өзара кездесіп, екеуінде де қазақстандық теннисші жеңіске жеткен. 

Бірінші партия қарсыластардың брейк алмасуымен басталды. Содан кейін А.Бублик 3:1 есебімен алға шыққанымен, Т.Фриц таразы басын теңестірді. Тай-брейкте америкалық теннисші азырақ қателесті – 7:6 (7:5). 

Екінші сетте А.Бублик брейкпен алға кетті – 4:2. Сосын төртінші сетболын пайдалана алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді. Тағы бір брейк – 5:2. Бұдан кейін америкалық теннисші есепті қысқартқанымен, А.Бублик екінші рет матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 12 минутқа созылды. 

Матч барысында Бублик 23 рет эйс жасады.

Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирлерінен кейінгі ең беделді жарыс саналатын мастерс додасының ширек финалына шықты.

Бублик жүлде қоры 3,34 млн АҚШ долларына бағаланған Майами додасының жартылай финалына шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен таласады. Я.Синнер төртінші айналымда рейтингте 83-орында тұрған фин спортшысы Эмил Руусувуориді 6:3, 6:2 есебімен ұтты.

Бұдан бұрын Дубай жарысында А.Бублик тартысты матчта италиялық теннисшіден жеңіліп қалған болатын.