22 наурыз – 4 сәуір аралығында Майамиде ерлер мен әйелдер арасында Miami Open presented by Itaú турнирі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, жарыс ұйымдастырушылары ресми сайтта қатысушылар тізімін жария етті.
Ерлер арасында негізгі додада Қазақстаннан Александр Бублик пен Михаил Кукушкин, әйелдерден Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Ярослава Шведова бақ сынайды.
Аталмыш турнир «Үлкен дулыға» турнирлері Australian Open, Roland Garros, Wimbledon және US Open-нен кейінгі ең беделді жарыс саналады.
2019 жылы турнир алғаш рет Майамидегі «Хард Рок стэдиум» стадионында өткізілді. Оған дейін Ки-Бискейнде болып келді. 2020 жылы жарыс коронавирус індетіне байланысты өтпей қалды.
Ерлер арасындағы Miami Open presented by Itaú АТР Masters 1000, әйелдер додасы Premier Mandatory сериясына жатады. Ерлер және әйелдер арасында жарыстың жалпы құны 9 млн-дай АҚШ долларын құрайтын. Алайда биыл ұйымдастырушылар жүлде қорын 2,5 есеге, 6,68 млн долларға дейін кемітті. Жекелей сында чемпиондардың сыйақысы 80 пайызға азайды, олар 1,354 млн доллардың орнына 300 мыңнан алады. Стадиондар толымдылығы 20 пайыздан аспайды. Бұл жүлде қорына тікелей әсер етті. Ойыншылар отельден тек матчтар мен жаттығуларға ғана босатылады.