06 мау, 2019 сағат 18:28

Теннис: 17 жасар спортшы «Ролан Гаррос» чемпионын ұтып кетті

Америкалық, 17 жасар спортшы Аманда Анисимова «Ролан Гаррос» турнирінің өткен жылғы чемпионы, әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халепті ұтып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

А.Анисимова дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрса, кезінде 1-ракетка ретінде көш бастаған С.Халеп 2018 жылғы финалда америкалық Слоан Стивенсті ұтқан еді.

Соған қарамастан, бүгін жас теннисші атақты қарсыласын 6:2, 6:4 есебімен жеңді.

Бәсеке бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Аманда Анисимованың түбі ресейлік, ата-анасы Ресейден АҚШ-қа көшіп барғаннан кейін 2001 жылы 31 тамызда дүниеге келген теннисші.

Осылайша айды аспанға шығарған А.Анисимова жартылай финалда әлемнің 8-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кездеседі. Екінші жартылай финалда чехиялық, 19 жасар Маркета Вондроушова ұлыбританиялық Йоханна Контамен күш сынасады.

Бұлардың төртеуі де - бұрын «Үлкен дулыға» турнирінде жеңімпаз атанбағандар.

Биыл Франция ашық чемпионатына қатысқан Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина алғашқы, Зарина Дияс екінші айналымнан аса алмады. Сондай-ақ ерлер арасында Михаил Кукушкин бастапқы кездесуінде-ақ сүрінсе, Александр Бублик үшінші айналымға өте алмады. Есесіне М.Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге жұптық сында «Ролан Гарростың» ширек финалына дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Александр Недовесовтің Алматы турнирінің ширек финалына шыққанын, Ю.Путинцеваның «Ай жаңалығы» аталымы бойынша үздік үштікке іліккенін жазған болатынбыз.