«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaqstan», «Qazsport», «Balapan», «Tamasha Tv» және аймақтық телеарналар «Наурыз мерекесіне тарту» дайындап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«21 наурыздан бастап үш күн қатарынан адамзат тарихындағы жылқының рөлі мен Орталық Азия далаларындағы жылқының шығу тегі туралы баяндайтын халықаралық «Equus: Жылқы тарихы» атты деректі трилогияның тұсаукесері болады. Ал наурыздың 22-сі күні ұлттық арна Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан секілді бауырлас мемлекеттермен халықаралық телекөпір арқылы байланыс орнатып, әр елдегі мерекелік атмосферамен бөлісіп, сол елдердегі наурыз мерекесін тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен арнайы сұхбаттар ұсынатын боламыз. Сонымен қатар, мереке күндері «Күннен туған бала...», «Амал айшықтары» секілді деректі сипаттағы арнайы жобалар үш күн қатарынан эфирге шығады. Тағы бір ерекше айта кететін ақпарат - биыл біз «Наурыз-думан» атты арнайы жоба жоспарлап, эфирге әзірледік. Ұзақтығы 2,30 сағатқа созылатын жаңа жоба Наурыз мерекесіне орай көрермендерге арнаған үлкен тартуымыз», - деді «Qazaqstan» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов ОКҚ-да өткен «Наурыз мерекесіне тарту» атты баспасөз мәслихатында.
Ал, «Qazsport» телеарнасы мейрам күндері тікелей эфирде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын, бірқатар қызықты бағдарламалар, деректі фильмдер мен спорт саңлақтарының сұхбаттарын көрсететін болады.
Арна басшысы Павел Цыбулиннің айтуынша, көрермендер 21 наурыз күні ХХІХ қысқы Универсиада ойындарының қола жүлдегері Жанбота Алдабергеннің сұхбатын, одан бөлек бірнеше деректі фильмдер, атап айтқанда аты аңызға айналған қазақ қақпашысы Құралбек Ордабаев жайында - «Қазақтың №1 қақпашасы», қазақ боксының дамуына үлкен үлес қосқан жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов туралы «Болмысы бөлек бапкер», 22 наурызда талантты былғары қолғап шебері, 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов жайында «Дарабоз», халықаралық «Атлант» фестивалінің жеңімпазы атанған «История маленькой русалки» деректі фильмдерін тамашалай алады.
Кішкентай көрермендерге арналған «balapan» телеарнасы осы көктемгі телемаусымда көрермен назарына барлығы 22 жоба ұсынады. Оның ішінде 6-ауы ішкі өнім, ал 10-ы шетелдік үздік анимациялар мен деректі фильмдер топтамасы, 3 телехикая және 3 You Tube-қа арналған жобалар.
«Биыл балалар арнасында тұңғыш рет таңғы бағдарлама жарыққа шықты. Ойын-сауық және ақпараттық бағыттағы «Таңжарық» хабарын кішкентай көрермендер сенбі және жексенбі күндері тамашалай алады. Ал «Баламен сұхбат» бағдарламасында балалар елімізге белгілі, өмірі мен еңбек жолы ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалармен әңгіме-дүкен түрінде сұхбат құрады», - дейді «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай.
Былтырдан бері хабар тарата бастаған «Tamasha tv» арнасының директоры Есен Елеукен де бірнеше жаңалықтарымен бөлісті. Оның айтуынша, жаңа маусым аясында биыл арна көрермендерге 14 жоба тарту етпек.
«Алғашқы 8 жоба наурыз айында шықса, қалған 6 жобаны сәуірге жоспарлап отырмыз. Олардың барлығы дерлік жаңадан шығып жатқан бағдарламалар, әрине әзілге қатысты. Сондай-ақ, ойын-сауықтық бағдарламалар да бар. Ең басты үлкен жобаларымыздың бірі «Тамаша Club» әзілге қатысы бар жастардың әртүрлі образдағы қысқаша қойылымдардан құралған скетч-шоу. «Бір ғанибет» жобасын да ерекше атап өткім келеді, біздің белгілі аға-әпкелеріміз өздерінің басынан өткен әзілге толы қызықты оқиғаларымен бөліседі. Сондай-ақ, жалпы қазақ сатирасына, қазақ әзіліне, қазақ қалжыңына қатысты өмірден өткен жандарға арналған «Әзіл-Дастан» жобасы шығатын болады. Бұл жобаны танымал сатирик - Көпен Әмірбек жүргізеді. Ал, «Тауып көр» танымдық бағдарламасына қарапайым адамдар қатысады. Олар өздеріне берілген 4-5 тапсырма арқылы кіммен сөйлесіп отырғанын тауып алуға тырысатын болады», - дейді Есен Елеукен.