Енді eGovMobile қосымшасында амбулаториялық емдеу кезінде қандай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тегін алуға болатынын білуге болады. Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов мәлімдеді. Бұл туралы толығырақ «Ұлт» порталы жазады.
Айтуынша, қазір eGov.kz порталында денсаулық сақтау саласына қатысты 37 қызмет қолжетімді болып отыр. Ал Әсет Тұрысов ендігі мақсаттың қызметтің басым бөлігін eGovMobile қосымшасында іске қосу екенін хабарлаған болатын.
Енді қосымшадан жаңа қызметтің көмегімен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық емдеу кезінде азаматқа қандай дәрілік заттар, мамандандырылған емдік өнімдер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тиесілі екенін білуге болады. Аталған қызметті eGovMobile қосымшасында алу үшін "денсаулық сақтау" бөлімінде "азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, мамандандырылған емдік өнімдерді, медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұсыну" қызметін таңдау қажет. Содан кейін қай кезеңге екенін көрсетіп, таспырыс беру қажет. Өтінім бір жұмыс күні ішінде өңделіп, жауап беріледі.
Сонымен қатар жуырда жаңа цифрлық құжат қатарды толықтырды. Енді "жылжымайтын мүліктің электрондық техникалық паспорты" қол жетімді болып отыр. Қосымшадағы электрондық техникалық төлқұжат техникалық төлқұжаттың түпнұсқасы жоқ адамдар үшін пайдалы болады. Пайдаланушы қажет кезінде құжатты талап еткен жағдайда электронды нұсқасын көрсете алады.
Қызмет құжат иесіне QR-кодты қолдана отырып, кіру үшін ашу функциясын ұсынады. Бұл құжатты сұрайтын тарапқа құжаттың шынайы екеніне көз жеткізуге көмектеседі.
Сонымен қатар қазір Қазақстанда бірқатар құжатты электронды түрде алуға болады. Тізімнің ішінде жеке куәлік, неке туралы куәлік, туу туралы куәлік, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік және электрондық техникалық паспорт бар.
Айта кетейік,"Ұлттық ақпараттық технологиялар"АҚ "электрондық үкіметтің" инфокоммуникациялық инфрақұрылымының және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасының операторы болып табылады. Сонымен қатар орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, деректер базасында ақпараттың қауіпсіз сақталуына жауап береді.
Оның негізгі қызметіне "Электрондық үкімет" (egov.kz) порталдарына қызмет көрсету, "Ашық үкімет" (open.egov.kz), mGov.kz қосымшасына, @EgovKzBot телеграм-ботқа, 1414 бірыңғай байланыс орталығына қызмет көрсету жатады.
Айта кетейік, eGovMobile қосымшасы 2019 жылы қазанда іске қосылған болатын. Бұл қосымша арқылы азамат ЭУҚ-ны аса қажет етпейді. Себебі қандай да бір қызметке тапсырыс берген кезде азамат өзін TouchID немесе FaceID арқылы растай алады.
Сонымен қатар eGov.kz порталы арқылы айыппұлдарды тексеру және төлеу кезінде фото және бұзущылық хаттамасын қарау мүмкіндігі қосылды. Сондай-ақ, қазақстандықтар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 24 қызметін алу үшін электронды үкімет порталы арқылы өтініш жібере алады.