29 мау, 2019 сағат 07:35

Т.Бигелдинов атындағы Әскери институт курсанттары ұшақ басқаруды үйренді

Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институт курсанттары ұшақ басқаруды үйренді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбенің «Хлебодаровка» аэродромында Әскери институт курсанттары тәжірибе жинақтады. Барлығы 24 курсант жыл бойы алған теориялық білімін жетілдіріп, емтихан тапсырды, дәрігерлік комиссиядан өтті. Негізі әскери авиация факультетіндегі ұшу тәжірибесі мамыр айында басталып, жаз бойы жалғасады. Ал аэродромда Ми-8 тікұшағы дайын. Бағдарлама бойынша курсант инструктормен бірге әуеге көтеріліп, арнайы маршрутпен жүріп өтеді.

«Тікұшақты басқармас бұрын теориялық білім аламыз. Жерде әуедегі әрбір элемент мұқият зерделенеді. Сонымен қатар төтенше жағдайдағы іс-қимыл үйретіледі. Әуеде ұсақ-түйек болмайды. Тішұшақ әуеге көтерілсе бәрі өзгереді. Сондықтан ұшқыштар арасында аспан бір балды шегереді деген түсінік бар. Егер жерде үздік оқыса, әуеде «жақсы» деген баға алады», - деді институттың оқу орталығы командирінің орынбасары Вадим Чубачук.


Институтың курсанты Бауыржан Сабырбаев 50 сағат әуеде ұшты. Оның 20 сағаттан астамын инструктормен өткізсе, 30 сағаты өзіне тиесілі.

«Бала күнімнен аспанға көтерілуді армандадым. Ұшқыштар туралы көп кітап оқып, фильмдер қарадым, физика мен математиканы оқыдым. Осы екі пәннің маңызды екенін білдім. Менің алғашқы нұсқаушым әкем болды. Ол қазір запастағы полковник», - деді Бауыржан Сабырбаев.


Курсанттар үшін инструктормен өтетін 20 сағат маңызды. Осы уақыт аралығында курсанттың әуеге жалғыз көтерілуіне болатыны немесе болмайтыны шешіледі.  

«Тәжірибеде екі жағдай болды. Екі жағдайда да курсантқа қосымша сағат беріліп, сөйлестік. Нәтижесінде екі курсантты да басқа факультетке ауыстыруға тура келді. Себебі, әуе қателікті кешірмейді», - деді оқу-авиация орталығының бастығы Нұрбол Сәлімбаев.

Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 24 курсанттың бәрі емтиханнан сәтті өтті.