27-28 тамыз аралығанда Орал қаласында «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы өтті. «Bolashaq» Қауымдастығы бастама болған нетверкинг шарасына 200-ден астам жас көшбасшы мен ҮЕҰ және ЖРО өкілдері қатысты.
Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облысы жастарының басын қосқан шара екі күнге созылды.
Жастар «ҮЕҰ + бизнес = жастарға арналған мүмкіндіктер», «Жастар саясатының өзекті трендтері» және «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» сияқты түрлі тақырыптарды талқылып, өзара тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ арнайы мастер-класс, семинар, тренингтер ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі бағдар бойынша жұмыс жасап, жаңа жобалардың жоспарын дайындап, тиімділігі мен ел экономикасына тигізер әсерін талқыға салды.
«Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Нұрлан Өтешов, «Арнау» даму орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, блогер Ұлан Әбішов, Орал қаласындағы студенттер Альянысының вице-көшбасшысы Самат Рахымғали секілді бірнеше спикер сөз алып, нақты тақырыптар бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырды. Олар қызықты әрі маңызды ақпараттар бөлісіп, өз ойларын ортаға салды.
«Жастар арасындағы трендтерді төрт бағытқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, қазақ жастары арасында қазақ тілінің қолдану деңгейінің көтерілуі. Екіншісі, жастардың мемлекеттік қызметке емес, бизнеске көп көңіл бөлуі. Үшіншісі, дәстүрлі БАҚ-тан заманауи БАҚ-қа бет бұру. Төртіншісі, патернализм ұғымы деңгейінің төмендемеуі. Осының барлығын білу нетворкинг шарасына келген жастар үшін пайдалы ақпарат деп ойлаймын», - дейді «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Нұрлан Өтешов.
Әр өңірден келген жастар шара барысында өздері жұмыс жасайтын ұйым туралы айтып, өзіндік ерекшеліктерін баяндады. Сондай-ақ жастар алда атқаратын жобаларды талқылап, пікір алмасу мақсатында өзара байланысын нығайта түсуге ниет білдірді.
Сонымен қатар жастар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен қатар, желі арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатындығы жайында ой өрбітті.
«Қазір жастар әлеуметтік желінің пайдалы тұстарын толыққанды игере алмай келеді. Көбі ойын-сауық құралы ретінде қарап, мүмкіндіктерін іске асырмайды. Ал біз оны өз жобасын жүзеге асыра алатын, өзіне жақсы табыс көзі бола алатын жағын ашып көрсетуіміз керек. Жастардың желіде белгілі жобамен жұмыс жасауы тек облыстық емес, халықаралық деңгейге дейін көтеріле алуына жол ашады», - дейді «Арнау» даму орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, блогер Ұлан Әбішов.
Блогер Ұлан Әбішовтың семинарынан кейін жастар сұрақ-жауап алаңына ауысып, тақырыпты кеңінен талқылып, оның пайдалы тұстарын сараптады.
Шара соңында «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасына қатысқан белсенді жастарға арнайы сертификаттар табыстады.
Айта кетсек, «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Орал қаласынын өзге Алматы, Шымкент, Павлодар өңірлерінде жалғасын табады. Жоба нәтижесі бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.
Аталған жобаны «Bolashaq» Қауымдастығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.