2021 жылдың 4 айында әуе көлігімен 2,5 млн жолаушы тасымалданды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтық авиация пандемияға байланысты ең көп зардап шеккен салалардың бірі болды. 2020 жылы төтенше жағдай кезінде ішкі және халықаралық рейстер тоқтатылды. Бұл тасымалдау көлеміне әсер етті. Осы жылдың басынан бастап ұшуды біртіндеп қалпына келтіргеннен кейін негізгі көрсеткіштердің өсуі байқалады. 2021 жылдың 4 айында тасымалданған жолаушылар саны 47 пайызға артты. 2,5 млн жолаушы тасымалданды. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 39 пайызға өсті», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бүгінде ішкі рейстер толығымен қалпына келді.
Сондай-ақ, 14 елмен аптасына 123 рейс жиілігімен 43 маршрут бойынша халықаралық рейстер жаңартылды.
«Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, әуе қатынасын одан әрі қалпына келтіру жөнінде дәйекті шаралар қабылданып жатыр. Жазғы және еңбек демалысы кезінде азаматтарымызы бұл жайт алаңдатып отырғанын білемін. Бұл бағытта министрлік жұмыс істеп жатыр. Таяу уақытта ведомствоаралық комиссия шешімінен кейін жаңа бағыттар немесе азаматтардың жиі қолданатын, бірақ қазір жабық тұрған бағыттардың ашылғанын естисіздер. Қазіргі уақытта тиісті жұмысты көршілес мемлекеттердің министрліктері деңгейінде шешіп жатырмыз», - деді Бейбіт Атамқұлов.