Арменияның Сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян әзербайжандық және ресейлік әріптесімен консультация өткізу үшін Мәскеуге барады. Бұл туралы Арменияның СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Арменияның Сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян Мәскеуге барады. Дәл бүгін сол жерде Әзербайжан мен Ресейдің сыртқы саясатына жауапты басшылармен консультация жүргізеді.
«Күн тәртібінде тек әскери әрекеттерді тоқтату мәселелері, жауынгерлердің денесі мен тұтқындарды өзара алмасу бойынша гуманитарлық мәселелер қаралады», - деп хабарлайды Армения СІМ баспасөз хатшысы Анна Нагдалян.
Айта кетерлігі, таяуда тараптардың қақтығысы жайлы РФ президенті Владимир Путин пікір білдірген болатын. Ол тараптарды әскери қимылдарды тоқтатып, Әзербайжан мен Арменияның СІМ басшыларын 9 қазанда Мәскеуге шақырған еді.
Осыған орай Әзербайжанның Сыртқы істер министрі де Мәскеуге барады. Бұған дейін Джейхун Байрамов ЕҚЫҰ-ның Минск тобындағы тең төрағасымен кездесу өткізді. ЕҚЫҰ-ның Минск тобындағыларға Бакудың Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеу бойынша позициясы жеткізілген.
Еске салсақ, 27 қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушыққаны туралы хабарлаған еді.