29 мам, 2021 сағат 19:21

Тауға туристік сапармен шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?


ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таулы аймақтарға туристік сапармен шыққан кезде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство таратқан туристік сапарлардағы сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері мыналар:

- Нашар көрінгенде (тұман) немесе тәуліктің қараңғы уақытында өтпеу керек. Маршрутқа барар алдында ауа-райы болжамын анықтаңыз.

- Таулы жерлерге бармас бұрын ауа-райы жағдайлары мен кедергілердің ықтималдығын ескере отырып, ықтимал қауіптерді мұқият бағалау керек. Егер ауа-райы нашарласа, жоғары емес, төмен түсіңіз.

- Таулы маршруттарда жолды мұқият қадағалаңыз және аяғыңыздың астына, әсіресе жаңбырдан кейін мұқият қараңыз.

- Жарақат алмау мақсатында тік беткейлерге көтерілмеңіз.

- Дененің қызып кетуіне, гипотермиясына жол бермеңіз.

- Егер сіз балаларды өзіңізбен бірге тауға алып барсаңыз, олар үшін жауапкершілікті ұмытпаңыз, оларды қараусыз қалдырмаңыз.

- Өзіңізбен бірге жеткілікті мөлшерде су алыңыз. Өзіңізбен бірге компасыңыз болсын.

- Егер сіз топта немесе достар компаниясында саяхаттасаңыз бірге болғаныңыз жөн. Міндетті түрде өзіңізбен бірге қажетті дәрі қоры бар медициналық аптечканы алып жүріңіз. Қозғалыс қарқыны топтағы ең әлсізімен анықталады.

- Бейтаныс маршрут бойынша алғашқы жорық үшін оған барған адамды жолсеріктерден тапқан немесе осы маршрут туралы алдын ала ақпарат табуға тырысқан жөн. Ешқашан бейтаныс маршрут бойынша тауларға жолсеріксіз бармаңыз.

- Тауларда адасып, қауіпті жабайы жануарға кез болып, жартасқа құлап кетуге болады. Қыста тауларда қар көшкіні, жазда тастардың құлауы мүмкін.

Егер сіз тауға бірнеше күнге баратын болсаңыз, онда өзіңіздің ұялы телефон нөмірлеріңізді тәулік бойы жұмыс істейтін ҚР ТЖМ бөлімшелеріне 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.