29 қаң, 2019 сағат 12:06

Татарстан ғалымдары TWESCO-мен бірлескен зерттеулер өткізуге мүдделі

Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі Татарстан ғалымдарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Академия баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде тараптар ғылыми ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулер өткізу туралы пікір алмасты.

Татарстан ҰҒА Археология институтының директоры Айрат Ситдиков пен Қазан Федералды университеті жанындағы Шығыстану институтының директоры Рамил Хайрутдинов өздері басқаратын құрылымдардың Академиямен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екендігін айтты.

Өз кезегінде TWESCO басшысы ұйымның ғылыми байланыстар орнатуға ашық екендігін атап өте келе, 2019 жылы өткізу жоспарланған бірқатар шараларға тоқталды. Атап айтқанда, Академия басшысы Дүниежүзілік түркологтар конгресіне даярлық, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту, түркі тарихында маңызды орны бар өңірлерге экспедиция   ұйымдастыру турасындағы ойларымен бөлісті.