Тамыры терең тарихымыз арқылы рухты көтеріп, ұрпақты мемлекетшілдікке, отаншылдыққа үндеуі керек. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы бұл мақаласында коронавирус індетінен кейін қалыпты өмірге қайта оралған кезде біз үшін ең басты құндылық, өмірімізге, тіршілігімізге мән беретін нәрсе – Тәуелсіздік екенін, Тәуелсіздіктен қымбат, Тәуелсіздіктен қастерлі ештеңе жоқ екендігін айтқан. Бұл - өте дұрыс және дер кезінде айтылған мәселе», - дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Мемлекет басшысы мақаласында егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – жеріміз, тіліміз және бірлігіміз екенін сөз етеді.
«Бұл үшеуі де - маңызды, негізгі мәселе. Президент жердің бөлінбейтіндігін, шетелге жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтты. Ол мақалада біз үшін мемлекет болып сақталуып қалуымыздың және тәуелсіздігіміздің басты алғышарты – жер екендігін, бәрімізді біріктіріп, өмірімізге мән беретін негізгі құндылық – тіл екендігін, бірге еңбек ету үшін бірліктің қажет екендігін өте жақсы түсіндірген. Сондай-ақ, оның тарихи сана туралы айтқаны менің көңілімнен шықты. Расымен, біз тарихымызда болған қайғы-қасіретті аза тұтуға көбірек көңіл бөлетін сияқтымыз, ол да дұрыс шығар, бірақ ең бастысы – ол қайғы-қасірет пен қиындықтар біздің қазіргі өмірімізге мән-мағына беруі тиіс. Сол арқылы рухты көтеріп, ұрпақты мемлекетшілдікке, отаншылдыққа үндеу, тәрбиелеу маңызды. Оның жүзеге асуы үшін мамандар, тарихшылар, киношылар және басқалары нақты не істей алатындығы атап көрсетілген. Бұл да өте орынды, дұрыс айтылған», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының аударма саласына қатысты айтқан ойына тоқталды.
«Президент балалар әдебиеті, тарихымыз шет тілдерге аударылуы қажеттігін айтты. Бұл - өте маңызды әрі қажет дүние. Өзім осы салада жүргендіктен бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін жақсы түсінемін. Азамат ретінде де, маман ретінде де Мемлекет басшысының ойын қолдап, жүзеге асыруға атсалысамыз», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.