Тәуелсіз қазақ елінің әлемнің жетекші елдірі көшіне ілесіп, жарқын болашаққа қарай нық қадам басуы сөзсіз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты. Бодандық бұғауынан босап, егемендігін жариялаған жас мемлекеттің көшін шайқалтпай, арпалысқа толы кезеңдер өткелінінен аман өткізу – кімге болсын оңай емес. Осы бір жауапкершілігі мол жүкті көтеріп, қазақ тарихына өшпес із қалдырған тұңғыш Президентіміздің орны қашан да бөлек.
Елбасының қайраткерлігі, көшбасшылығы, бірегей өмір жолы турасында көптеген кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Олардың қатарында «Азамат жəне саясаткер тұлғасы», «Елбасы», «ХХІ ғасыр: əлем саясаткерлері Н.Назарбаев туралы», сондай-ақ Нұрпейіс Мақашев пен Владимир Петровскийдің «Нұрсұлтан Назарбаев дəуіріндегі Қазақстан», С.Салқынұлының «Тұңғыш Президент жəне Қазақстан Республикасының тарихы», М.Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев – тəуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы», У.Қалижанның «Президент», Б.Ə.Назарбаевтың Елбасына арналған «Аға», Б.Сапаралының «Президенттің балалық шағы», қырғыз саясаткері Ж.Сааданбековтің орыс тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Лидерлік заңдары», жазушы Д.Досжанның «Ақ орда» романы, Қ.Тоқаевтың «Свет и тень», Дархан Қалетаевтың «Қазақстан – болашаққа ұмтылған ел. Ұлттық лидер факторы», Е.Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев: логика перемен», ақын Р.Ниязбектің «Айбозым менің», тарихшы, жазушы Рой Медведевтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстандық серпін жəне Еуразиялық жоба», т.б. кітаптарын атап өтуге болады.
Жақында осы бір елеулі еңбектердің жалғасындай, ұлт басшысының ұлағатты өмірін дәріптейтін тағы бір құнды кітап жарыққа шықты. Кітаптың авторы – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист Николай Александрович Зенькович.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы «О великой жизни» – «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты туындының тұсаукесері Астанадағы Оқушылар сарайында өтті.
Кітаптың басты ерекшелігі – оқырмандардың жас буыны саналатын орта мектеп оқушыларына арналғандығында. Бұл туралы автор: «Бұл кітап 12 жастан асқан оқырмандарға арналған. Басты идеясы – қол қусырып отырсаң, ешқашан ұлы тұлға бола алмайсың», – деді.
Николай Александрович Елбасы туралы кiтапты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қағазға түсіре бастаған. Ол Қазақстанға жиi ат басын бұрып, зерттеулер жүргізген. Баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттар мен түрлi әдебиетттерді де пайдаланған.
Тұсаукесер барысында Николай Зенькович: «Нұрсұлтан Назарбаев тарих үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүріп қана қоймай, қиын кездері жағдайды өз қолына ала білді. Бұл үшін ерлік, білім және тәжірибе керек. Ең бастысы – Отан үшін еңбектену. Президенттің өмірі Отанымен, халқымен бірге өрбіді. Соның арқасында оны тек Қазақстанда емес, шетелде де ерекше бағалайды», – деп атап өтті.
Мемлекет қайраткері, ғалым, педагог, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова: «Мен кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын оқып шықтым. Шығарманың тілінің жатықтығы, оқиғаларының шебер қиюласқаны оқырмандарды бірден қызықтырып әкетеді. Қазақтың салт-дәстүрімен сусындап, ұлттық құндылықтарымыздан нәр алған, қарапайым отбасынан шыққан жас баланың Ел басқарушыға дейінгі өмір жолы түсінікті тілмен өте жақсы суреттелген. Бұл кітап балаларымызға тәлім-тәрбие беруде таптырмас туынды болары сөзсіз. Жас жеткіншектер мен қатар ұстаздарымыз үшін де аса пайдалы. Жаңа кітапты Назарбаев зияткерлік мектептері оқу процесінде міндетті түрде пайдаланатын болады», – деді.
Кітапты қазақ тіліне тәржімалаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Қайнар Олжай.
Қайнар Олжай кітап авторы Николай Александровичтің ерекше қабілет-дарынын айта келіп, шығарманың басты артықшылықтарына тоқталды: «Бұл кісі Елбасымызды жақсылап зерттеп-зерделеуімен бірге, кітапта көптеген тарихи салыстырулар келтірген. Бұл кітаптың ерекшелігі, Елбасы туралы деректермен ғана бай емес, түрлі әлемдік мысалдармен салыстыра суреттеуімен құнды. Мәселен, Назарбаевтың Қазақстан мұнайын қалай игереміз деген мақсатпен «Шевронға» барып, екі апта бойы тәжірибеден өткенін айта келіп, кезінде Ресейді қалай дамытамыз деген I Петр патшаның Нидерландқа барып кеме жасау ісіне араласуын салыстырады. Мұндай дәлелді мысалдар Елбасымыз туралы кітаптың құнын арттыра түседі. Сонымен қатар, кітаптан біз білмейтін тарихи деректерді де кездестіре аласыздар».
Қайнар Олжас Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы туралы Б.Сапаралының «Президенттің балалық шағы» кітабы мен бір фильммен басқа еңбектердің жоқ екенін тілге тиек етіп, бұл туындының сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталғанын сөз етті.
Оқырман қауым Қайнар Олжайдың Мемлекет басшысына қатысты «Президент пырағы» атты көлемді кітабы жарық көргенін жақсы біледі. Сол себепті де ол бұл кітапты қазақ тіліне аудару барысында ешқандай қиындыққа тап болмаған көрінеді. Елбасының шет елдердегі кейбір іссапарларында аудармашының да сапарлас болуы біраз жеңілдік тудырған екен. Қайнар мырза кітаптың оқырмандарға түсінікті болуы үшін мақал-мәтелдер үстеп, қазақы бояуын қалыңдатуда аз тер төкпегендігін айтады.
Кітап екі бөлімнен тұрады. «Үшқоңырдан шыққан ұлан» атты бірінші бөлімде Президенттің балалық шағы, жастық жылдары туралы сыр шертілсе, "Мәртебелі Президент" атты екінші бөлімде оның әлемге танымал тұлғалар қатарына қалай қосылғаны туралы баяндалады.
Н. Зенькович көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси көшбасшылар және тарихтың жолын өзгерткен басқа да белгілі бірегей тарихи тұлғалар туралы 30-дан астам кітаптың авторы.
Кiтаптың орыс тiлiндегi нұсқасы 2 мың дана, қазақ тiлiндегi аудармасы да 2 мың данамен шықты.
Қазақ оқырмандарына олжас салған бұл туынды жастардың қызығушылығын тудырып, сұранысын арттырады деген үміттеміз.
А. Жандос,
Ұлт порталы