Танымал айтыскер ақын Салауат Исақаев 44 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" айтыскер Балғынбек Имаштың әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап.
Айта кетейік, Салауат Исақаев - Атырау облысы Құлсары қаласының тумасы.
"Барша айтыссүйер қауымға қаралы xабар айтуға тура келіп тұр. Алаштың ақпа ақындарының бірі, 90-жылдары студент жастар арасында өткен Республикалық ақындар айтысында Бас бәйгені жеңіп алған үш ақынның бірі, Атыраудың ақтаңгері, Құлсарының бел баласы - Салауат Исақаев атты аға-дос, замандасымыздан айырылып қалдық. Алланың бұйрығы жетіп, дәм-тұзы таусылып, аманатын тапсырған ақиық ақынның ажалына жол бойындағы көліктің қағып кетуі себеп болған екен. Небәрі 44 жыл жасаған Салауаттың талай әңгімелері, жыр-термелері, әзіл-оспақтары, айтыстағы айтқан айшықты шумақтары есіме түсіп, жаным күйзеліп, тынысым тарылып, жүрегім қан жылап отыр. Ақын досымыздың отбасына, жұбайына, балаларына, және өнерін бағалайтын барша қауымға қабырғамыз қайысып, қайғысына ортақтасып көңіл айтамын! Алла мейіріміне алсын, бақұл бол, қымбатты Салауат дос!", - деп жазады Балғынбек Имаш.