27 сәу, 2021 сағат 04:20

Ауқатты елдер Үндістанға жасанды тыныс алу аппараттары мен дәрі-дәрмек жібереді


Ұлыбритания, АҚШ және Германия Үндістанға тез арада көмек көрсететінін мәлімдеді. Үндістанда коронавирус бойынша төрт күн қатарынан бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркеліп жатыр.

25 сәуірде мұнда 349 691 адамнан коронавирус анықталған. Сарапшылар вирус күшейген тұста елдің денсаулық сақтау жүйесі күйреуге шақ тұр деп ескертеді. 

Баспасөз құралдарының жазуынша, ауруханалар науқастарды қабылдап үлгермей жатыр. Науқастар дәрігер алдында сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Кейбір адамдар сол кезекте тұрып, көз жұмып жатыр. Дәрігерлер халі өте ауыр адамдарды аман алып қалу үшін науқастарды толық емдемей шығаруға көшті. Ауруханаларда оттегі жетпейді. Зираттар мен крематорийлер толып кеткен.

Ұлыбритания, АҚШ, Германия және Еуроодақ Үндістанға жасанды тыныс аппараттары мен оттегі баллондарын жіберуге уәде берді. Британдық кеңсе Нью-Делиге шамамен 140 тыныс аппараты мен 500-ге жуық оттегі баллондарын жіберген. Олар 27 сәуірде жетуі тиіс.

АҚШ жасанды тыныс аппараттары мен өзге де қажетті заттармен бірге коронавирусқа қарсы вакцина өндіруге қажет жабдықтарды да жібереді. Бұл туралы АҚШ ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан хабарлады. Германия канцлері Ангела Меркель "коронавируспен күрес – ортақ соғыс" деп мәлімдеп, Германияның тез арада қолдау миссиясын жасақтайтынын айтты. 

Еуропа комиссиясы Нью-Делиден сұрау түскеннен кейін Үндістанға оттегі мен дәрі-дәрмек жібермекші.