18 сәу, 2021 сағат 07:05

Коронавирустан 22 адам қайтыс болды

 

16 сәуір күні Қазақстанда 22 Covid өлімі тіркелген. Коронавирус қайтыс болғандардың жиырмасынан ПТР әдісімен анықталған (КВИ+). Екеуінде ПТР әдісімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония (КВИ-) диагнозы қойылған.

КВИ+ бойынша қайтыс болғандардың жалпы саны 3384-ке жетіп отыр. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" дегендер кірмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі жүйелі түрде жарияламайды, тек журналистер сауал жолдағанда ғана жауап береді.

Қазақстан үкіметі 2020 жылғы 1 тамыздан бастап вирус жұқтырғаны ПТР әдісімен расталмаған Covid науқастарын (ковидтектес пневмония немесе КВИ-) да тіркеп отыр. Содан бері ковидтектес пневмония диагнозы қойылған 750 адам қайтыс болған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр барлығы 162 мың адам қайтыс болған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 30 мыңға көп.