ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков тамызда Тайланд пен Грузияға әуе рейстері ашылуы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өздеріңіз білетіндей, шығу туризмі бойынша осы жылдың 26 маусымынан бастап Түркия мен Оңтүстік Кореяға халықаралық қатынас ашылған болатын. 2020 жылдың 20 маусымы мен 4 шілдесі аралығында 622 қазақстандық азамат туркомпания қызметтерін пайдаланып, Түркияда демалуға мүмкіндік алды. Осылайша шығу туризмі саласындағы компаниялар туристер алдындағы, оның ішінде бұрын ауыстырылған жолдамалар бойынша өз міндеттемелерін орындауды бастады», - деді Дастан Рыспеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасының айтуынша, өкінішке қарай эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қазіргі уақытта Түркияға рейстер уақытша тоқтатылған.
«Эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын ескере отырып, қазіргі уақытта бірқатар елдермен әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелері қарастырылуда. Оның ішінде тамыз айында Тайланд пен Грузияға рейстер ашу жоспарланған», - деді ол.